АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: АУЫЛ КӨШЕЛЕРІН СУ БАСТЫ

Уақыты: 04.06.2019
Оқылды: 1271
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Панфилов ауданының Пенжім ауылдық округінде орын алған сел салдарын жою жұмыстары қарқынды жүруде.

"Қазселденқорғау" мекемесі, әскери қызметкерлер мен басқа да құзырлы органдармен бірге 200-ге тарта адам мен 40 техника көше мен ауладағы қалдық суды сорғызып, шағыл төсеу жұмыстарын жасауда. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар бөлімі, арнайы сала мамандары әр үйді тексеріп, материалдық шығындарды анықтау үстінде.

Қазіргі уақытта 270 үйдің ауласына су кірген. Әзірге апатты үйлер жоқ. Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов: "Бастысы зардап шеккендер жоқ, ауыл тұрғындарына қажеті жағдайда барлық тараптан көмектер көрсетіледі", - деді.

Қазірдің өзінде жергілікті кәсіпкерлер отбасыларға азық-түлік, ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауылда жарық, су инфрақұрылым барлығы қалыпты жұмыс істеуде. Тұрғындардың айтуынша, мұндай тасқын 90 жылдары болған.

Айта кету керек, 3 маусым күні кешкісін Пенжім ауылында ауа температурасының күрт көтерілуі мен жауын-шашын салдарынан сел жүрген еді. Әлеуметтік желілерде сел туралы бейнематериалдар тарады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"