КЕРЕК КЕҢЕС: БАЛАҢЫЗҒА ДҰРЫС ЛАГЕРЬ ТАҢДАҢЫЗ

Уақыты: 07.06.2019
Оқылды: 976
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жазғы демалыс – бала денсаулығын нығайтып, сауықтыратын кезең. Әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкендердің тікелей міндеті.

Балаларыңызды демалыс орындарына жібермес бұрын лагерь басшысынан немесе жолдама сатушыдан толық ақпарат алыңыз.

  1. Сауықтыру лагерьінің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі туралы қорытындысының бар болуын;
  2. Лагерь аумағында кеміргіштерге, зиянды жәндіктерге қарсы өңдеу жұмыстарының жүргізілгендігін;
  3. Персоналдың медициналық тексеруден өткендігін;
  4. Балалардың суға түсуіне арналған көл, бассейн суының зертханалық жолмен тексерілгендігін және шомылуға рұқсат берілгендігі туралы арнайы белгілердің болуын;
  5. Медицина қызметкерінің бар болуын анықтап алуға кеңес береміз.

Келесі маңызды сұрақтың бірі – тамақтану жағдайы. Тамақтану толыққанды, сапалы, бала ағзасына арналған болуы керек. Кемінде күніне төрт-бес реттік тамақ берілуі тиіс. Екі апталық ас мәзірімен танысқаныңыз жөн. Лагерь аумағы таза, аббаттандырылғанына да көңіл бөліңіз. Балаларға арналған бөлмелер кең, жарық, жайлы болғаны абзал. Сонымен қатар, жаз мезгілінде тамақтан уланып қалу қаупі артатындықтан, жемістер мен көкөністердің балғын болуын қадағалап, жақсылап жуу қажеттігін, ішек жұқпаларының алдын алу үшін баланың тамақ ішер алдында, дәретханаға барғаннан кейін қол жууын, кездейсоқ су көздерінен су ішуге болмайтындығын түсіндіріңіз.

Табиғатқа шыққан кезде кене шағып алмау үшін барлық денені жабатын киімді киіп, кенелерді үркітетін репелленттерді пайдалану қажеттігін үнемі айтудан жалықпаңыз. Егер табиғат аясында кене шағып немесе жарақаттанып қалған жағдайда, тез арада медициналық көмекке жүгіну керек.

Қолайсыз жағдайлардан балаларды сақтау үшін барлық мүмкіндіктерді жасауға тырысыңыз, құрметті ата-ана!

М. ҚАНАҒАТОВА,

облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы

Сурет департаменттен берілді