ЭФИРДЕ "JETISÝ": ДАНАЛЫҚ ПЕН ЖАҢАЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ

Уақыты: 14.06.2019
Оқылды: 1821
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемдік өркениет көшіне қосылған ел ретінде дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарды хал-қадірінше уақыт таспасына бедерлеген журналист қауымның жүрегі жүзге жекжат. Ақпарат майданында ел мүддесі үшін мысқалдай болса да қарекет жасауға емексіп тұратын, тіпті, қажет кезінде турап салар наркескендей өткірлігімен көңіліңді көріктей көтеретін сөз майталмандары үлкен құрметке ие. Қашан көрсең қарбалас, қашан кезіксең ақпарат таратуға асығып жүретін ақжүрек ағайынның айтары – алдымен ел мәртебесі. Бұл - біздің сөз емес. Бұл - байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне әрі облыстық «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығына арналған салтанатты жиынға келген көптің лұғатты лебізі.

Түнді тұман билегенде үркердің бозамық сәулесіндей көзге оттай басылатын, мерейіңді асыратын ақпарат саласы өкілдерінің мерейлі мерекесі бұл жолы да ерекше аталып өтті. Ерекшелігі сол: көгілдір экран бетінде көптің сүйінішіне айналған аймағымыздағы атаулы телеарнаның екі он жылдықты еңсергені. Содан да болар, Б.Римова атындағы драма театрында ине шаншар орын болған жоқ. Иін тірескен халықтың көңілі жайдары, кеудесі тәтті лепеске толы.

Берекесі жарасқан телеарна ұжымы туған күндерін көптен күткені көрініп-ақ тұр. Оны тарихынан сыр тарқататын арнайы түсірілген бейнебаяннан аңғаруға болады. Өтпелі дәуірдің өтінде қалып қоймай, күнтізбемен қатар жаңарып әрі жасарып отырған «Жетісу» телеарнасының жүрген жолы, асуы 10 минуттық бейнежазбада тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Жеткен жетістіктері де көл-көсір. Жұрттың жанарындағы жасын ғана емес, көзіндегі қуанышын да жеткізе білген тегеурінді телеарнаны білмейтін халық кемде-кем. Бүгінде БАҚ кеңістігінде де беделі орасан. Мұны сахна төріне құттықтауға шыққан облыс әкімі Амандық Баталов та мысалға алды.

– Сөздің қуатын, журналистиканың қайратын танытып жүрген барша жандардың шығармашылығына табыс тілеймін. Қаламдарыңыз қарымды, еңбектеріңіз жемісті болсын. Облыс аумағында 136 бұқаралық ақпарат құралы бар. Соның ішінде 82 газет, 22 журнал, 4 телеарна және көптеген интернет порталдары жұмыс істейді. Жаңа ғасырдағы көрермен мен оқырман көзқарасы басқа. Журналистер қашанда мемлекеттік саясатты, ел ішінде жүргізіліп жатқан реформаларды, Рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде бізге зор қолдау көрсетіп келеді. 2001 жылы Талдықорған қаласы облыс орталығының статусын алғанда ең алдымен халықтан сүйінші сұраған осы телеарна. Бұл жылдарда тарихтың ізі бар деп білемін. «Өткенсіз бүгін жоқ», - дейді халық даналығы. Іргесі 1999 жылы қаланған телеарнаның аяғына тік тұруына көптеген адам тер төкті. Сол жылдардағы басшылар Ермек Тұрсынов, Сәкен Жұманұлы, Наталья Борсенко, Клара Камарова, Мейрам Жанәділов және басқа да азаматтардың еңбегі зор. Мұны айтпай кеткеніміз ағаттық болар. Құрметті журналистер, ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы әр бастамаларыңызға табыс тілеймін! Меншікті мерекелеріңізбен! – дей келе, аймақ басшысы «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбекпен бірлесіп, мың дана таралыммен жарыққа шыққан "Эфирде "Жетісу" атты жинақтың тұсауын кесті. Содан соң архивтің қойнына сіңген ақжолтай жаңалықтармен қайта қауышуға мүмкіндік беретін, тележурналистика саласында беделі бес атанға жүк болар ардагер журналистердің өлшеусіз еңбектері кестеленген келелі кітапты жиылған қауымға кәдесый ретінде ұсынды.

Салтанатты кеште аймақтағы хабарды айшылық алыс жерлерге жеткізген жетісулық қаламгерлердің қанжығалары бір майланды. Аймақ басшысы Жетісу жеріне еңбегі сіңген бір топ журналиске Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Жұмахмет Жайлаубаев пен Сарқан аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіманның кеудесіне тақты.

Жиынға қазақ журналистикасының қара нарлары жиналды. Олар да бұл қуанышты сәттен қалыс қалмауды жөн санаса керек. Әрі арнайы сыйлықтарын да арқалап келіпті. Соның бірі де бірегейі қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі республикалық кеңес төрағасы Марат Тоқашбаев «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалімен Іле аудандық «Іле таңы» газетінің бас редакторы Роза Айдарбекованы, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаевті, Алакөл аудандық газетінің бас редакторы Азат Жақыпбекті, «Президент және халық» республикалық газетінің тілшісі Ғалым Жазылбековті және  «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Талдау хабаршысы» газетінің тілшісі Болат Жұматаевты марапаттады. Артынан ақ тілегін жолдап, арнаның бұдан биік белесті бағындыруын тіледі.

Биылғы жылдың басты мақсаты – жастардың еңсесін көтеріп, арманының ақиқатпен астасуына серпін беру екендігін Елбасы айтқан-ды. Бұл тұрғысында «Жетісу» телеарнасының жүзі жарқын. Қай саласынан таған тартсаңыз да алдыңызда жігерлі жастарды кездестіресіз. Бұл телеарнаның үлкен ұстаханаға айналғанынан хабар беретіндей. Осы орайда «Жетісу» телеарнасының жас тілшісі әрі құрдасы Мадина Жұмаділ өз сөзінде үлкен мектепке айналған телеарнаның биік баспалдақтарды бағындыруына жол ашып келе жатқандығын тілге тиек етті.

Журналистер қауымы заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүр. Мемлекетімізде баспасөз бен тележурналистика, ақпараттық сайттар қоғамға маңызды жаңалықтарды уақытылы таратып келеді. Игі іске ұмтылып, татулықты нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдырының рөлі зор. Бұл пікірімізді Қазақ ұлттық өнер академиясының Құрметті профессоры, ардагер журналист Нұртілеу Иманғали да қолдады.

– Құлагер ақын Ілияс Жансүгіров: «Журналистің мұраты – білім, тәлім, талабы – өнер, оқу – оның қару-жарағы», - депті. Ойланып қарасақ, өзі біздерді, журналист деген қауымды жылына бір рет келетін төл мерекесі болмаса ешкім ескеріп жатқан жоқ. Ресей телеарналары бір-біріне қолдаудың керемет үлгісін көрсетіп жатады. Әшейінде біз Мәскеумен салыстырғанды жақсы көреміз ғой. Бірақ осыны үйрене алмай-ақ қойдық. Біз үнемі басқалар жайында айтамыз, ал біздер жайлы сөз бірен-саран. Жылына бір рет өстіп мәре-сәре болып қалатынымыз бар. Ендеше мәре-сәреміз құтты болсын, әріптестер, – дей келе, телеарна ұжымына арнайы дайындаған сыйлығын табыс етті. Оған қоса «Жетісу» телеарнасында талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Жазира Исаева, Есболат Айдабосын, Гүлжанат Мақұлжановаларға «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалін табыстады. Кәсіби мерекеде көптеген БАҚ қызметкерлерімен бірге "Жетісу" газеті тілшілерінің де мерейі тасыды. Бірнеше журналист (Мәди Алжанбай, Ришад Тұрғанбай, Гүлжан Тұрсын, Айгүл Байбосынова) Алғыс хат алып, ақшалай марапатқа ие болды.

Салтанатты кештің соңы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасымен жалғасты. Арамдықтың өзегіне қорғасын құйып, ұлт мүддесіне сатқындық етпеуге серт еткен баспасөз өкілдерінің меншікті мерекесі осылай мәресіне жетті. Облысымыздың айнасы, жаңалықтың жаршысы саналатын телеарна ғұмырының ұзақ болуын тілеген жұртшылық ыстық лебізін жолдап, тарқасты.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ