ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТІ

Уақыты: 21.06.2019
Оқылды: 1002
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әрбір жоғары оқу орнының мақтан тұтар түлектері бар. Олар еліміздің дамуына үлес қосып, әртүрлі салада еңбек етіп келеді. Түлектердің білім алған оқу орындарында бас қосып, кейінгі толқынға ақ жол тілеп, ықылас-ниеттерін білдіруі, білім саласында атқарылып жатқан шаруалардың талқыланып, кеңінен пікір алмасуы өнегелі әрі жақсы үрдіс. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрге айналған Түлектер күні жыл сайын өткізіліп келеді.

Биылғы Түлектер күніне де осы университеттің қабырғасында білім алып, бүгінде елге танылған азаматтар, өз ісінің білгір мамандары салтанатты жағдайда басқосты. Мұндай тағылымы мол кездесудің ерекше мәні бар. Өйткені жоғары оқу орнының биылғы түлектері алдыңғы буын өкілдерін көріп, үлгі-өнеге алатыны анық. Болашаққа деген бағдарды айқындауға да тигізер септігі аз емес. Шара аясында университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бастаған бір топ түлек «Мәңгілік Ел» студенттер мен түлектер қақпасының алдында жиналып, ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішіне және академик Өмірбек Жолдасбеков монументіне гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов аталған білім ордасының тың жетістіктерін баяндай келе, университет өміріне белсене араласқан барлық түлектер мен қонақтарға алғысын білдірді.

– Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әр жоғары оқу орнының атқарып жатқан жұмысының айқын көрсеткіші – түлектері және олардың жеткен жетістіктері. Біздің университет әрқашан өз түлектерімен мақтанады. Бүгінде білім ордасы 800 үздік ЖОО ішінен 220-орынға ие болды. Қара шаңырағымыз «Түркі әлемінің ең үздік университеті» деп танылдғандығын ерекше мақтанышпен атап өткеніміз жөн. Сонымен  қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Ерен еңбегі үшін» медалімен Олжас Сүлейменов, Евразиялық гуманитарлық институттық ректоры, 1969 жылдың түлегі Амангелді Құсайынов, ғалым әрі қоғам қайраткері Рахман Әлиянов, «Білімді ел» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанова үлкен марапатқа ие болды. Қасиетті қара шаңырақ қабырғасында алған білімін ел игілігіне жұмсау – әрбір түлектің басты міндетіне айналғай, – деді университет ректоры.

Кеште түлектер атынан үздік студенттерге және кафедраларға бағалы сыйлықтар тапсырылып, көпшілік назарына Альма-Матер жетістіктері туралы арнайы фильм ұсынылды. Жиынның ресми бөлімі аяқталған соң, шараға қатысушылар ҚазҰУ студенттері дайындаған мерекелік Гала-концертті тамашалады. Әрі қарай дәстүр бойынша университеттің әр жылғы түлектерімен кездесу факультеттерде жалғасын тапты. Түлектер өз факультеттерін аралап, оқытушылармен, студенттермен кездесті. Бір күнге созылған мереке әл-Фараби атындағы кітапханада университет түлектерінің би кешімен аяқталды.

Берекет КӘРІБАЕВ,

тарих ғылымдарының  докторы

Бекболат ЕСЖАНОВ,

ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің 1-курс магистранты

Сурет ғаламтордан алынды