БІЗДЕН БІР САУАЛ: ЖУРНАЛИСТ КІМ? БЛОГЕР КІМ?

Уақыты: 28.06.2019
Оқылды: 2754
Бөлім: КҮНДЕРЕК

АЛТЫН КӨПІР: Ақыл мен парасат айдынында жемісті желкен көтерген журналистердің арқалаған жүгі ауыр. Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір міндетін де сол журналист қауым атқаруда. Әрбірі қаламгерлікпен қатар қайраткерлік тұрпат танытып, ел десе, жер десе алабөтен алашапқынға түсер, ұлы құндылықтарды құнттаған кеудесі кен жандар дер едім.

Олар өз мақсатынан гөрі ұлт мұраты жолында тер төгуге бейіл келеді. Журналистер қауымын «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген асыл теңеуден бөлек, елдік пен өрліктің алтын өзегі деп те асқақтата айтуға негіз бар.

Ал блогер деген кім? Ол ең алдымен бүгінгі жаһандану заманында технология тетігін меңгеріп, көңіліне келген дүниені айта салар, жаза салар, оны журналистей салмақтап жатпаса да, жарқыратып көрсетуге жаны құмар жандарға берілген жаңаша атау. Блогерлердің айтқан әрбір сөзі қоғам қажеттілігінен деп білу - қате ұғым. Әлеуметтік желіде белсенді, өз оқырмандары қалыптасқан блогерлердің жазбасын оқып та жүрміз. Олар әрбір тіркесінің талқылауға түскеніне мән беріп, ұлттық, елдік тұрғысынан өз ойларын ашық айтады. Оған қуанарсың. Алайда журналистердей кең сараптау, терең байыптау деген дүниеге бас ауыртпайды. Сондықтан, оларды осы бір ғана мысалмен журналистермен шендестіруге бола ма? Журналист деген қоғамның барометрі емес пе? Қасиетті жолдың иелері ақпарат таратумен қатар ағартушылық жолдың жанкешті майталмандары. Блогерді журналистермен салыстыруға болайды. Блогер – уақыт үні болса, журналистер ғасырлар бойы қалыптасқан, діңгегі берік, діңі мықты ел мен елдіктің, бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір.

Жанкүміс ЖӘМЕҢКЕ,
ҚР Мәдениет қайраткері

* * *

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖОҚ: Кез келген қоғамның рухани өрісі мен өсуі адамдардың әрекет-болмысы арқылы айқындалады. Журналист те, блогер де сол сан-салалы әрекеттің бір көрінісі. Желде салмақ жоқ, күш бар. Сол сияқты желдей ескен ақпарат саласында да билік жоқ, бірақ күш бар. Сондықтан, ақпарат таратудың өзіндік жауапкершілігі болады.

Блогерлерге байланысты айтсақ, біріншіден оларда жауапкершілік жоқ. Өмірлік тәжрибесі, белгілі деңгейде білімі жоқ болса да, пікір айтуға шетінен құмар. Ешкінің дауын атан түйе беріп сатып алатындар, сол арқылы ұпай жинап тез танымал болғысы келетіндері де жетерлік. Көп жылдар қалыптасқан ақпарат таратудың  дәстүрлі жолы сақталмаса, «өзім қожа, өзім би" деп илеуі кем, иіні қанбаған, сын көз, парасат сүзгісі жетіспейтін дүниесін  ақпарат кеңістігінде еркін таратса, тыйым-тосқауыл көрмесе, «еркіндік» деп жүргеніміз көргенсіздікке ұласып кетеді.

Нәтижесінде, көпшілікті көргенсіздікке тәрбиелеу процесі басталады. Блогер біткеннің бәрі осындай деген ойдан аулақпын. Уақытқа тән әлеуметтік мәні бар шындықтарды тап басып, дөп көрсете алатындары да баршылық.

С.Әшімбаев: «Мыңдарға, миллиондарға арнап кітап жазатын адамның ой-өріс, дүниетаным мен көзқарасы ең болмаса жүздерден биік тұруы керек», – дейді. Міне, осы қағида дәстүрлі журналистикада сақталған. Осы саладағылардың да барлығы күреңіне мініп, кемеліне толып жүрген жоқ, алайда жарым сөзге жарты әлемнің тағдырын сыйғызып жіберетін мықты журналистер бар. Ағысы қатты, аударысы көп мына дүбірлі дүниеде сөзден мәңгілік, сөз мәнісінен құдіретті еш нәрсе жоқ. Түйіндеп айтсам, журналист пен блогердің айырмасы бір ауыз сөзінен танылады.

Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

* * *

"ЛАЙК" ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙМІЗ: Журналист деген кім деген сұрақ туады кейде. Әсіресе, бізді блогермен салыстырған тұста. Білем, қазір бәленбай оқырман жинап алған блогерлердің заманы шығар. Бірақ бір нәрсе анық, журналист деген ол - "лайк" пен "коммент" немесе "подписчик" үшін бес-алты ауыз сөз жазып, өз атын шығаратын адам емес!

Журналист деген, егер ол - нағыз журналист болса, жұрт жұмысы үшін жанын беретін адам! Рас айтам! Бұл пафос емес! Құлағанды демеп, жылағанның көз жасын жүртіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүріп, ақыры содан бір нәтиже шығаратын адам. "Бәлен балалы отбасы далада қалды немесе біреудің сарайында жүр ғой" деп жаны шырқырып жүгіріп жүрген талай журналистің өзінің де бала-шағасын тістеп, сүйреп пәтерден пәтерге қаңғырып жүргенін білем.

Болмаса, "бәленшенің бәтеңкесі жыртылып қалыпты" деген журналистің өзі жалаңаяқ жүруі мүмкін. Бірақ ол ешқашан біреудің алдына барып, "маған көмектес" демейді, үндемей, ешкімге білдірмей жүре береді. Ал жұрт жұмысы десе, кез келген кедергіні басып өтіп, кез келген есікті теуіп кіруі мүмкін.

Алысқа бармай-ақ қояйық, он жыл бұрын жазылып қойған кітабым тұр, Алаш арыстары жайлы, бірақ шықпай тұр. Себебі біреуді әке, біреуді көке деп алдына бару дегенді білмейді екенмін. Басқаша жасау қолымнан келсе, он жылда бір емес, 10 кітап шығарып қояр ма едім?! Бірақ осы, өзіме көмек сұрағаннан гөрі, маған біреуге сұраған оңай!

Себебі, сондай мамандық иесімін! Сондықтан мені, жалпы бізді, өз атына жұмыс істеп, елден ақша алып, елге ақыл айтатын блогерлермен салыстырмаңыздар. Біз оған өкпелеп қаламыз!

Иә, мүмкін, біздің бәленбай оқырманымыз жоқ шығар, иә, мүмкін, біз "жалаңаяқ" шығармыз, бірақ біз жұрт жұмысы үшін жаралған, содан рахат алатын абыройлы мамандық иесіміз!

Қадірлі журналист аға-әпке, құрбы-құрдас, әріптестерім, кәсіби мерекеміз құтты болсын! Жұрт жанашыры деген абыройлы атқа қызмет ете берейік! Осы жолдан жаңылмайық, түбі жақсылыққа апаратын жалғыз жол осы!

Мәриям ӘБСАТТАР,

журналист