ТӨРТІНШІ БИЛІК: ТАЛДЫҚОРҒАНДА 38 АҚПАРАТ ҚҰРАЛЫ БАР

Уақыты: 29.06.2019
Оқылды: 1236
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаланың тыныс-тіршілігін халыққа жеткізу жолында аянбай тер төгіп жүрген тілшілердің еңбегі ерен. Осыны ескерген Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Салтанат сарайында өткен салтанатты шарада сөз алған шаһар басшысы Ғалымжан Райылұлы тілшілерді төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін ақтарды.

– Қазіргі заманды ақпаратсыз елестету өте қиын, сондықтан да біз жаңалықтың жаршысы – телеарналар мен радио, газет, әлеуметтік желі қызметкерлерін айрықша құрмет тұтамыз. Дүниеде, елімізде сәт сайын болып жатқан оқиғаларды отансүйгіштік ұстаным тұрғысында жария етіп, шындықтың басын ашып көрсету – сіздердің мамандықтарыңыздың ерекше қыры. Олай дейтінім – қазіргі кезде қоғамның, адамдардың өзекті әрі шынайы ақпаратқа деген талғамы өте жоғары. Бұл орайда, біздің қала аумағында ақпарат айдынында еркін көсілетін журналистер мен тілшілер қауымының еңбегі елеулі. Отбасыларыңызға амандық, бақыт және зор денсаулық тілеймін! – дей келе, аймақтағы ардагер журналистерді, жас тілшілерді арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Талдықорған қаласы аумағында 38 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде екі облыстық, екі қалалық мерзімді басылым, 9 ақпараттық агенттік, 19 тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары, 2 журнал, 2 электронды бұқаралық ақпарат құралдары (ТРК), кабельдік операторлар және радио халыққа қызмет көрсетуде.

Марапаттау рәсімінен кейін Ғ.Әбдірайымов бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлері мерекесі бекітілгендігін тілге тиек етіп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет Қаулысы шыққанын қуана жеткізді.

Жиын барысында сөз алған журналистер арнайы көңіл бөліп, құттықтап отырған қала әкіміне өздерінің ризашылықтарын білдірді.

Мұхтар КҮМІСБЕК