РЕСЕЙ МЕН ГЕРМАНИЯ ДА БАР: ҚАПШАҒАЙДА ЖЕЛҚАЙЫҚТАР ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 02.07.2019
Оқылды: 1040
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағай су айдынында регатадан облыс әкімінің кубогіне арналған «ТрансҚапшағай – 2019» атты бесінші халықаралық сайыс өз мәресіне жетті.

Облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен додаға Қазақстан, Ресей, Германия мемлекеттерінен ката-маран, тримаран және екі үлкен шверт-боттарда 15 экипаж қатысты. Бес экипаж әр мемлекеттен жиналған спортшылардан құралды.

«Aven-ta-dor1», «Меркурий», «Зина», «Reya», «Простор», «Чайка», «Тигра», «Эрида», «Инглия», «Шаман»  және «Кин-дза-дза» атауларына ие катамаран, тримарандарды тізгіндеген экипаж апта бойы еліміздегі ең үлкен жасанды су айдынында жарысқа түсіп, «А–13», «А–13+» және «Абсолют» класындағы жүлделі орындар үшін бақ сынасты.

Сегіз кезеңге бөлінген жарыста спортшылар 200 шақырымды еңсерді. Облыс әкімінің кубогіне арналған «ТрансҚапшағай – 2019» бесінші халықаралық сайысты ұйымдастырушы Олег Парамонов:

– Егер бұрын бізде регаталар басталғанға дейін әр күннің старт пен мәре нүктелері алдын ала белгіленген болса, қазір бұл нүктелер регата барысында анықталады. Бұған ауа райының күтпеген жерден құбылуы себеп болды. Желге байланысты біз ең қолайлы және қызықты маршрутты таңдауға тырыстық, – деді.

Ұйымдастырушылардың бұл шешімі өте дұрыс болды. Себебі, жасанды теңіз күтпеген жерден мінезін көрсетсе, ауа райы да  күніне бірнеше рет өзгеріп тұрды. Сайыстың екінші күні су айдыны қатысушылардың төзімділігін сынап бір метрлік толқын көтеріліп, секундына 15 метр желді дауыл тұрды. Жалпы бір аптаға созылған жарыстың 5 күнінде регата  дауылды ауа райымен алпарысқа түсті.

Регатаның мәресі мен жеңімпаздарды марапаттау шарасы бесінші сорғы стансысының аумағында өтті. Жарыс қорытындысы бойынша облыс спортшылары келесідей нәтижеге қол жеткізді. «А–13» класы бойынша «Чайка» катамараны  алтыншы орынға жайғасты. «Тигра» катамаранының экипажы екі рет жүлделі орыннан көрінді. Алдымен «А–13+» класында айқын басымдықпен алға шығып, кейін сол жеңісін «Абсолют» класында тағы қайталап, абсолютті жеңімпаз екендерін дәлелдеді. Жеңімпаздар арнайы кубоктармен, ал жүлдегерлер медальдармен марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Қапшағай қаласы