ТАЛДЫҚОРҒАН: МҰҒАЛІМДЕР БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРІП ЖАТЫР

Уақыты: 02.07.2019
Оқылды: 1199
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінгі жаһандануға қадам басқан заманда еліміздің білім беру жүйесінің басты міндеті – білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың деңгейін халықаралық дәрежеге көтеру.

Қазіргі кезде мектептерде математика саласын дамытуға баса назар аударуда. Соған байланысты жалпыға бірдей білім беретін мектеп мұғалімдерінің білім мазмұнын жаңарту бағдарламалары аясында Талдықорған қаласындағы зияткерлік мектепте пәндерден білім мазмұнын жаңарту курстары өтілуде. Осы курстардың негізгі мақсаты – саралап оқыту бойынша мұғалімдердің теориялық білімін жетілдіру.

Біздің тренеріміз Амангүл Ошақбаевадан үйренеріміз көп. Ол кісі бізге жаңартылған бағдарламаның маңызы, ескі бағдарламадан айырмашылығы және ұқсастығы, белсенді оқыту мен саралау әдіс-тәсілдерінің қыр-сырын үйретті. Бұл еңбектің болашақта бізге көмегі мол болары сөзсіз. Жалпы, қазіргі таңда білімімізді көтеруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, барлық жағдай жасалған.

Мұғалімдер бірсарындылықтың орнына көпнұсқалы білім беру жүйесіне бет бұрып отырған жағдайда оқушылардың топтық, жеке танымдық ерекшеліктерін ескеріп, саралап оқытуды ұйымдастыру – бүгінгі күннің негізгі мәселесі. Осыған байланысты курстарда «Саралап оқытудің тәсілдері», «Белсенді оқу әдістері» сияқты тақырыптар оқытылуда және тәжірибе алмастырылуда. ХХІ ғасыр талабына сай жеке тұлғаны қалыптастыруда мұғалім өмір бойы білім алып, өз тәжірибесін жетілдіру керек деп ойлаймыз. Жаңа бағдарлама білім жүйесіне заманауи бағыт әкелуде. Ендеше қай саланың болсын маманы бұл үрдістен кеш қалмауы керек. Осы мақсатта әрбір мұғалімнің облыс орталығына келіп, жаңартылған білім жүйесі бойынша үйренуі шынымен де уақыт талабы екенін сезінудеміз.

«Білім алу – тал бесіктен жер бесікке дейін» дегенді бұрынғылар текке айтпаса керек. Сондықтан, жас мөлшеріне қарамай, аға буын мен жас толқын мұғалімдер түгелге дерлік осы бағытта білімін жетілдіруде. Оның жемісін алдағы уақытта көретініміз ақиқат.

Лаззат НАРМАНОВА,

Жаңагүл ИМАНҚҰЛОВА,

курс тыңдаушылары

Еңбекшіқазақ ауданы