ФЕСТИВАЛЬ: ЖАСТАР БИЗНЕСКЕ БЕЙІМ БЕ?

Уақыты: 02.07.2019
Оқылды: 1114
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде алдағы уақытта атқарылатын басты 10 бағытты айқындап берген болатын. Сол бағыттардың бірі - жастардың дамуына жағдай жасау. Мемлекет басшысы: "Біз жастардың бизнес бастамаларын іске асыруға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасын қолға алдық", - деді.

Осыған орай, Жастарға қызмет көрсету орталығында «Бизнес және жастар: 4К» атты облыстық фестиваль өтті. Фестиваль «4К» үлгісі бойынша, яғни, критикалық ойлау, коммуникация, коллаборация және креативті ойлау негізінде жүзеге асырылды.

Аталмыш шара өңірдегі жастардың бизнеске деген құлшыныстарын арттыру және кәсіпкерлікті жандандыру, StartUp жобаларына серпіліс беру, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында ұйымдастырылды.

Фестивальда жүргізілген секциялық жұмыстар барысында Э.Әскеров «Әлеуметік бизнес», А.Хамитов «Бизнес-инкубатор», А.Садырбаев «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», Ж.Мұхамеджанова «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы, Б.Қойшыбаева «Жас кәсіпкер» тақырыптарында сөз қозғап, жас кәсіпкерлердің сауаттылығын арттыру, бизнес жоспар дайындау, өз кәсібінің әлеуетін арттыру мәселелерін талқылап, орамды ойларымен және тың тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетерлігі, фестивальға облыс аймақтарынан 200-ден астам жас кәсіпкер, жастармен жұмыс істейтін ұйымдарының өкілдері және белсенді жастар қатысты.

Айдана АРСАЛАН,

Алматы облыстық Жастар ресурстық орталығының баспасөз хатшысы