SMART-МАҚСАТ: КУРСТАН ҮЙРЕНГЕНІМ КӨП

Уақыты: 05.07.2019
Оқылды: 1738
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Талдықорған қаласындағы филиалы өткізген курста ең басты назар мен үшін smart-мақсат болды.

Кез-келген адам алдына қойған мақсатына жету үшін күш-жігерін аямауы керек. Әрбір оқушыны дара тұлға ретінде қабылдап, олардың өн бойына оқысам, білсем, ізденсем деген құштарлықты дамытып, жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларды қолдану арқылы  заманауи дағдыларды игерту қазіргі мұғалімдер қауымының басты мақсаты деп ойлаймын. Заманның өзгеруімен білім берудегі әдістер де өзгеріп отырады. Бұл орайда жаңартылған білім беру бағдарламасының рөлі ерекше.

Курс барысында  тренеріміз «smart» сөзінің практикада қолданылуының маңызы, қалайша дұрыс жоспар құру керек және оларды нәтижелі орындау үшін қандай әдістерді пайдалануымыз керектігі туралы  бүге-шүгесіне дейін түсінуімізге ықпал етті. Smart-сабақ жоспарын құруға бағыттады. Егер сабақтың мақсатын нақты, өлшенген, қолжетімді етіп қоя білсе, бұл мұғалімнің шеберлігінің бір қыры екенін түсіндік. Мұғалім оқушылардың алдына дұрыс қойылған мақсат арқылы сабақтағы ақпаратты дұрыс игеруіне, сол арқылы қажет етіп тұрған дағдының қалыптасуына толық жағдай жасайды.

Мақсатты дұрыс қоя білу адам өміріндегі маңызды баспалдақ, ол үшін адам күш-қуатын, уақытын жұмсауы керек. Егер де қойылған мақсатқа немқұрайдылық танытылса, онда оның маңыздылығы да жоқ. Сол себепті  мақсатқа деген талап өте күшті болуы керек. Бұл талапты педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсында тыңдаушылардың басты мақсаты екенін өз тәжірибесімен бөлісе отырып түсінуімізге ықпал еткен тренеріміз Индира Болатқызына алғысым шексіз.

Айдана ЕРАДІЛОВА

Талдықорған қаласы