"TAZA QAZAQSTAN": ТОННА-ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Уақыты: 29.07.2019
Оқылды: 975
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс орталығында «Birge. Taza Qazaqstan» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Оған аймақтағы мекемелермен бірге «Қазсушар» республикалық кәсіпорны Алматы филиалының ұжымы да белсене атсалысты. Аталған сала мамандары облыс орталығына жақын орналасқан «Алмалы» су қоймасы маңын қалдықтар мен шөп-шаламнан тазартты.

Арнайы сенбілік барысында «Қазсушар» Алматы филиалы директорының орынбасары Саят Құдайберген сөз алып, шараның мақсатын түсіндірді. Ол: «ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен ауқымды акция өтуде. Оған облыс, аудан, қала әкімдіктері жан-жақты қолдау көрсетуде. Бүгінде Жетісу өңіріндегі «Қазсушар» республикалық кәсіпорны Алматы филиалында 900-ге жуық адам жұмыс істейді. Соның ішінде, аталмыш сенбілікке 500-ден астам адам қатысуда. Олар Ақсу, Көксу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласы аумағын шөп-шалам мен күл-қоқыстан тазартуға кірісті», – дей келе Талдықорғандағы орталық аппараттан 48 қызметкердің «Алмалы» су қоймасының маңын тазалап жатқанын жеткізді.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда «Қазсушар» Алматы филиалына қарасты 15 су алу гидроторабы және 9 су қоймасы бар. Су жүйелері арқылы 4 мың 423 шақырымды құрайтын алқапқа су жеткізіледі. Негізінде, «Алмалы» су қоймасының іргетасы 1978 жылы қаланған. Жалпы су сыйымдылығы 5,5 млн. текше метр. Қазір онда 3,2 млн. текше метр су бар. Сонымен қатар, аймақта түрлі көкөністер, жемшөп, жүгері егіледі. Маусым кезінде бір миллион текше метр су қолданылса, жалпы қойма ондағы шаруалардың егістіктерін қажетті сумен толық қамтамасыз етіп келеді. Жылдық пайдаланатын судың артуына байланысты болашақта суармалы жер көлемін ұлғайту жоспарда бар.

***

Таңмен көшеге шыққан қапшағайлықтар үй ауласын, қора-қопсылар мен көшедегі арық-атыздарды, суағарларды тазалап, жол бойындағы артық өскен шөптерді шапты.

Ретсіз өскен ағаштарды бұтап, қурағандарын қазып алды. Сондай-ақ, үлкен жолдардың бойы мен қоғамдық орындарды күл-қоқыстан тазартты. Ішіп-жеген тамақ қалдықтары, сынған бөтелке, қағаз, темекі тұқылдары жатқан жағажай аймағын да тазалап, ретке келтірді.

Бұған дейін қалада оннан астам сенбілік өткізіліп, тазалық айлығы жүргізілген. Қала және жалпы өңір бойынша барлық мемлекеттік мекемелер, коммуналдық кәсіпорындар, білім беру саласы, кооперативтерді қосқанда 3 мыңнан астам адам атсалысып, 26 техника жұмылдырылды. Көше бойлары, ғимарат аумақтары, қала жағажайлары маңынан 50 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды.

***

Тазалық акциясына Сарқан ауданы бойынша 1500-ге жуық адам атсалысты. Сарқан, Басқан өзендерінің айналасын тазалауға  800-ге жуық адам қатысты.

– Сенбілік аясында өзендердің арнасы, туристік маршруттар, далалы аймақ пен табиғи орындар тазаланды, – дейді "Жоңғар Алатауы" МҰТП бас директоры Марат Қабиев. – Біз өз тарапымыздан трактор, қоқыс қаптарын бөлдік. Жалпы Сарқан қаласында, Тополевка, Лепсі ауылдарында игілікті шара көпшіліктің қатысуымен өтті.

Сарқан қаласында Қарақуыс шатқалынан "Жетісугаз" аумағына дейін, су-электр стансысының және бассейннің айналасы, өзен жағалауында орналасқан 3 демалыс орны, жаңа көпірден Молалы көпіріне дейінгі аумақ толығымен күл-қоқыстан тазартылды.

"Қаладағы барлық мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және "Жоңғар Алатауы" ұлттық-табиғи паркінің ұжымы бір адамдай қатысты, – деп қала басшысы Амантай Мұқанұлы атқарылған жұмыстарды әңгімелеп берді. - Бір күнде 12 шақырым өзен жағалауын қоқыстан арылтып, 16 тонна құрылыс қалдықтарын шығардық".

Акция аясында Лепсі, Теректі өзендерінің, Балқаш көлінің жағалаулары тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сонымен қатар, 30 шақырым су арнасы жағалауы, 50 шақырым  автомобиль жолдары қуранды шөптерден аршылып, 30 техника жұмылдырылды. Сенбілікте арнайы орындарға аудан бойынша 24 тонна  қоқыс шығарылды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,

Мақпал МЫСА,

Жомарт ИГІМАН

Алматы облысы