Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖҰМЫСЫҢЫЗ ЗИЯНДЫ МА? ОНДА СІЗГЕ ҚАРАЖАТ ТӨЛЕНЕДІ

Уақыты: 29.08.2019
Оқылды: 154

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – бұл жұмыс жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдар үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылатын жарна. Ол 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген.

МКЗЖ көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Оларды жұмыс берушілер еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен төлейді. Аударымдар жұмыскердің бұл жұмысқа уақытша немесе тұрақты орналасуына, есепті мерзімнің басында немесе аяғында кіріскеніне қарамастан жүзеге асырылады.

Өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекітілген. Әрине, бұл тізім еңбек жағдайларының өзгеретіндігін ескере отырып, белгілі бір мерзім аралығында қайта қаралып отырады. Бұл жерде мынадай сұрақ туындауы мүмкін: еңбек жағдайлары зиянды жұмыстар дегеніміз не? Жұмыскердің жұмысқа қабілеттілігінің төмендеуіне немесе ауруға шалдығуына әкеп соғатын не болмаса ұрпағының денсаулығына кері әсер ететін өндірістік факторлары бар жұмыстар – еңбек жағдайлары зиянды жұмыстар деп аталады.

Елімізде еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарға бірінші кезекте тау-кен жұмыстары, металлургия өндірісі (қара және түсті металдар), атом өнеркәсібі, радиоактивті заттармен жұмыстар, көмір, мұнай мен газ өндіру және өңдеу, құрылыс материалдары өндірісі жатады. Сонымен қатар радиология бөлімдері мен химиотерапия кабинеттерінде жұмыс істейтін дәрігерлер мен балет әртісінің мамандығы да зиянды болып табылады.

МКЗЖ толық және уақытылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

2014 жылдың басынан бастап 2019 жылдың тамызына дейінгі аралықта  БЖЗҚ-да МКЗЖ бойынша жарты миллионға жуық шот ашылып, оларда 225 млрд. теңге жинақталған. Бұл ақшалар инвестицияланады, сәйкесінше шоттарға инвестициялық табыс есептеліп отырады. Ал оларды алу құқығы туындаған шақта жинақтаушы зейнетақының бір бөлігі ретінде алушыларға төленеді.

2019 жылдың алғашқы жартысында 7 мыңнан астам адам тек МКЗЖ есебінен 1,6 млрд. астам теңге алды.

Зиянды еңбек жағдайлары еңбек қызметін ерте аяқтауға мүмкіндік береді. МКЗЖ енгізілгеніне (01.01.2014ж.) 5 жыл болғанын ескерсек, өз пайдаларына МКЗЖ аударылған салымшылар ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы аннуитетін алу мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан 50 жасқа толған және өздері үшін МКЗЖ кемінде күнтізбелік 60 ай бойы төленген салымшылар, Қордағы зейнетақы жинақтары ай сайын ең төменгі зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болған жағдайда, өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы алып тұру үшін зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бұл үшін зейнетақы жинақтарын осы сақтандыру ұйымына аударады. Қазіргі уақытта сақтандыру ұйымдарына жасалатын аударымдар көлемінің өскендігін айта кеткен жөн.

Биыл ең төменгі зейнетақы – 36108 теңге екенін ескертеміз.

Егер МКЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары пайдаланылуы мүмкін.

Зейнетақы жинақтарының көлеміне қатысты сақтандыру ұйымдарының талаптары әрқалай. Сондықтан сақтандыру ұйымына аударуға қажетті соманың нақты мөлшерін ұйымның өзінен білуге болады. Алайда актуарлық есептеулерге сүйене отырып, орташа соманы айтуға болады. 2019 жылы бұл сома ерлер үшін шамамен – 9 млн. 710 мың теңге, ал әйелдер үшін шамамен – 13 млн. 296 мың теңге. Сонымен өздерінің пайдасына МЗЖ-дан басқа МКЗЖ аударылған салымшылар, жынысына қарамастан 50 жасында зейнетақы аннуитеті шартын жасаса алады. Бұл ретте өздерінің пайдасына МКЗЖ күнтізбелік 60 айдан кем аударылған салымшылар үшін МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптасқан жинақтары жеткілікті болған жағдайда, жалпы негізде, яғни ерлер үшін – 55 жаста, әйелдер үшін – 51 жаста зейнетақы аннуитеті шартын жасасу құқығы сақталады.

2019 жылдың жеті айы ішінде 50 жасқа толған және өздері үшін МКЗЖ кемінде күнтізбелік 60 ай бойы төленген 1200 астам салымшы өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шартын жасасу арқылы сақтандыру төлемдерін өмір бойы алып тұру құқығын пайдалануға қол жеткізді. Олар бойынша жарналардың барлық түрі есебінен сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдардың жалпы сомасы – 16 млрд. астам теңгені құрады. Осылайша БЖЗҚ-дан МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу түріндегі жеңілдік толығымен жүзеге асырылып жатыр.

Егер сіздің зейнетақы жинақтарыңыз зейнетақы аннуитетін алуға жеткілікті болса, өмірді сақтандыру жөнінде лицензиясы бар сақтандыру ұйымын таңдай аласыз. Таңдау барысында асықпаңыз: тарифтерін, төлемдердің мөлшері мен кезеңділігін, мұраға қалдыру мүмкіндігін мұқият тексеріңіз, тек содан кейін барып өзіңізге ұнаған ұсынысты қабылдауыңызға  болады. Бұл ретте 50 жасқа толып, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударған салымшылар, одан кейін де еңбек жағдайлары зиянды өндірісте жұмыс істей беретін болса, олардың жеке зейнетақы шоттарына МЗЖ мен МКЗЖ зейнет жасына толғанша түсе береді. Жұмыскерлер оларды Қордан белгіленген кесте бойынша ай сайынғы төлем ретінде және (немесе) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін немесе қолданыстағы зейнетақы аннуитеті шартына өзгерістер енгізілген жағдайда пайдалана алады.

Сәйкесінше, зейнеткерлік жасқа толған жеке тұлғалар, әскери қызметшілер мен әлеуетті құрылымдардың қызметкерлері және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін жұмыс берушілер Қорға МКЗЖ төлеуден босатылады.

А. СЕРІКОВ