"ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН НЕ?" ОБЛЫС ӘКІМІ ОҚУШЫЛАРМЕН ПІКІРЛЕСТІ

Уақыты: 01.09.2019
Оқылды: 1193
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Білім күні барлық мектепте алғашқы қоңырау салтанатты жағдайда соғылды. Бұл күні көпшілік ортасынан табылған облыс әкімі Амандық Баталов былтыр ашылған Талдықорған қаласындағы №28 ІТ лицейінде болып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Бүгін баршамыз үшін қуанышты күн.Еліміздің, облысымыздың әр мектебінде алғашқы қоңырау соғылуда. Жыл сайын мектепке келетін шәкірттердің қатары артып, биыл 49 мыңға жуық жеткіншек бірінші сыныпқа қадам басып отыр. Бұл біздің өңірдегі жағдайдың тұрақтылығын, демографиялық өсімнің жоғарылығын көрсетеді. Осы балаларымыз жақсы оқып білім алып, ертең еліміздің игілігіне қызмет ететін азаматтарға айналсын! Жаңа оқу жылы құтты болсын! – деді.
Келесі кезекте сөз алған лицей директоры Гүлжанар Еспанова мектепте бүгінгі заман талабына сай білім беруде ІТ, 3D модельдеу, роботатехника сабақтары Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушыларымен бірлесе өткізіліп жатқанын алға тартып, өткен оқу жылында 1200 бала білім алса, биыл 1640 оқушымен жаңа оқу жылын бастап отырғанын, бірінші сыныпқа 291 оқушы қабылданғаны қуанышпен жеткізді.

Ата-аналар атынан сөз алған Ләна Құрманғалиева Талдықорған қаласында балалар үшін барынша жағдай жасалғанын, осы лицейдің жанында Оқушылар сарайы, Өнер мектебі, «Жастар» спорт сарайы орын тепкенін, бұл жас ұрпақтың жан-жақты білімді, өнерлі болып өсуіне ашылып отырған зор мүмкіндік екенін айта келіп, сол үшін облыс әкіміне ризашылығын білдірді.

Бұдан соң оқушылар тақпақ оқып, ән шашуын арнады. Алғашқы қоңырау да соғылып, облыс әкімі Амандық Баталов оқушылармен бірге оқу шаңырағына кіріп, бірінші сыныптың алғашқы сабағына да куә болды. Ұстаз оларды білімбукпен таныстырып, фазыл құрастыртты. Рәміздер туралы не білетіндіктерін сұрады. Бұдан соң жоғарғы сынып оқушыларымен мамандық таңдау жайында да пікірлесіп, өзінің таңдаған кәсібі, алғаш жобасын жасап, құрылысын тұрғызған нысандары туралы сыр бөлісті.

– Сізді жеңіске жетелеген не? – деген сауалға жауап берген облыс басшысы, мақсат қойып, соған жете білу, тынбай еңбектену екендігін айтты жастарға. Оқушылардың әрбір сұрағына жауап беріп, оларды болашаққа қанаттандырды. Білімді мыңды жығатынын еске салып, тәртіпті, тәрбиелі, өмірде өз ұстанымы бар азамат болуға шақырды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ