ҮШ КҮНДЕ ҮЙ ТҰРҒЫЗУҒА БОЛАДЫ: ЖЕТІСУЛЫҚ КОМПАНИЯ ТАҢҚАЛАРЛЫҚ ЖАҢА ӨНІМ ҰСЫНДЫ

Уақыты: 13.09.2019
Оқылды: 1305
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматыдағы «Атакент» кешенінде «KazBuild» халықаралық құрылыс көрмесі өтті. Оған әлемнің 22 мемлекетінен 250-ге жуық компания қатысты. Солардың ішінде басты үлес қазақстандық кәсіпорындардың еншісіне тиді.

Көрмеге келушілер құрылыс материалдарының соңғы үлгілерімен танысты. Әсіресе, жетісулық «ВТК GROUP» компаниясының жаңадан шығарған өнімдеріне ерекше ықылас танытты. Іле ауданында орналасқан заманауи кірпіш зауыты тағы бір озық технологияға бет бұрыпты. Енді олар үй тұрғызуға арналған дайын керегелер шығаруды қолға алған.

Көрме павильоны алаңында орналасқан шағын үйдің сұлбасы бірден көзге шалынады. Керегесі дайын бетондармен қаланған. Материалдар жымдай болып саңылаусыз қиюласады. Жобада көрсетілген өлшемдер бойынша зауытта дайын болып шығады. Көрмеге қойылған шағын үйдің ішіне енсеңіз жуынатын және ас үй болып бөлінген. Компания өкілдері осы арқылы бетон керегелердің тағы бір ерекшелігін көрсеткісі келген. Біріншіден, керегелерді тегістеп құм сылақ жүргізудің қажеті жоқ. Бірден әрлеуге кірісесіз. Сылаққа жұмсайтын құм мен топырақ, цемент үнемделеді. Екіншіден, керегелер шегені мықтап ұстайды. Қажетті жиһаздарды алаңсыз ілуге болады.

Дайын керегелер тұрғызуға кететін шикізаттың құрамына құм, әктас, цемент, гипс және алюминий ұнтағы кіреді. Олар автоклав пешінде белгілі температурада күйдіріледі. Керегелердің ішіне арнайы темір арматуралар салынған. Адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Экологиялық таза материал. Суыққа төзімді, ыстықты өткізбейді.

Кәсіпорынның көрмеге қойылған жаңа өнімі келушілерді қатты қызықтырды. ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып қазақстандық кәсіпорынның көзге түскеніне бәріміз қуандық.

Кәсіпорын мұндай жетістіктерді бір күннің ішінде игерген жоқ. Жиырма жылдың ішінде сындарлы қалыптасу кезеңдерін бастан кешірді. Еңбек пен ізденістің арқасында кірпіш күйдіретін шағын цехтан үлкен заманауи зауытқа айналды. Қазір компания шығарып жатқан газоблок, керамикалық кірпіштер, еден плиталары және құдыққа тастайтын арнайы бетон сақиналарға сұраныстар өте көп. Алушылар тарапынан арыз, шағым түскен емес. Сапа санға ұласып, табысқа қол жеткізуді қамтамасыз етуде.

«ВТК GROUP» компаниясының директоры Тоқан Ботабеков - Мәскеудегі басқару академиясын бітірген құрылысшы инженер. Жинаған мол тәжірибесі жеке кәсіпорын құруда кәдеге асты. Ол өскелең уақыт талаптарын тез меңгере алды. Өркениетке бетбұрды. Соның нәтижесінде аталған компания еліміздегі бірегей кәсіпорындардың қатарына қосылды. Өсіп, өркендеудің дәлеліне жұрт халықаралық көрмеде тағы куә болды.

– Қолым қалт етсе ел аралаймын. Саяхаттау үшін емес. Өзімізде жоқты басқалардан үйрену үшін. «Елден елдің несі артық, ерден ердің несі артық?». Іздейтінім осы. Біз алып келген жаңа технология, яғни, дайын керегелер Еуропада жақсы дамыған. Көпқабатты үйлер осы материалдармен тұрғызылады. Сол өркениетті елдер пайдаланатын өнімдерді неге біздің елімізде шығара алмаймыз деген ой келді. Бүгінгі жетістігіміз сол идеяның нақты іске асқаны, – дейді Тоқан Көкенұлы.

Зауыт шығарған жаңа өнімдер тасымалдауда өте тиімді. Ең бастысы, үйіңіздің керегесі үш күнде қаланады. Ендеше мұндай жаңалық кімге ұнамайды дейсіз?!

Болат МӘЖИТ

Фото - автор

Алматы қаласы