ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІ: ҚЫЗМЕТТІК ӨСУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

Уақыты: 13.09.2019
Оқылды: 1183
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ләззат Бейсеқұлованың қатысуымен «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві» тақырыбы аясында түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Жастар кадр резервіне құжаттарды қабылдау 2019 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында жүзеге асырылады. Қатысушылардың құжаттарын қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында автоматтандырылған онлайн-платформа іске қосылды. Президенттік жастар кадр резервіне қатысу үшін үміткерлерге pkrezerv.kz. сайтына тіркелуі керек.

Жиында департамент өкілі іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алатынын атап өтті. Азаматтар Жастар кадр резервіне бесжылдық мерзімге қабылданады. Резервке тұрған азаматтардың саяси немесе басқарушы лауазымдарға, ұлттық холдингтердің немесе компаниялардың басқарушы лауазымдарына тағайындалуына мүмкіндік бар.

Басқосуда Жастар кадр резерві бұл қызметтік өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқару біліктіліктерінің жоғары деңгейі бар, өзін-өзі кәсіби дамытуға, оқып-үйренуге бейім, сараптамалық ақыл-қабілеті айқын көрінетін көшбасшылық сипатқа ие жастарға арналғаны туралы айтылды.

Дәріс барысында қойылған барлық өзекті сұрақтарға толыққанды жауап берілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"