КІМ КІНӘЛІ? ПРЕЗИДЕНТ АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІНІҢ ТУҒАН-ТУЫСТАРЫНА КӨҢІЛ АЙТТЫ

Уақыты: 15.09.2019
Оқылды: 882
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде пойыз бен автобус соқтығысынан қаза тапқан жүргізушінің туған-туыстарына көңіл айтты. Бұл жайында Мемлекет басшысы "Twitter" парақшасына жазды.

Қайғылы жағдай бүгін Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған стансысында болды. Оқиға орнында қоғамдық көліктің жүргізушісі көз жұмды. Ақпараттарға сүйенсек, автобуста 67 адам отырған. Жарақат алғандар бар. Әлеуметтік желіде қайғыға ортақтасқан Президент: "Туған-туыстарына көңіл айтамын. Тергеу жұмысы басталды", - деп жазды.

Еске сала кетейік, оқиға орнында түсірілген бейнематериал әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Онда көлік кептелісінде тұрған ақ түсті автобусты анық байқауға болады. Сонымен бірге, теміржол өткеліндегі бағдаршамның қызыл түсі жанып, қоңырау үні шығып тұрғаны бірден байқалады. Бірнеше секундтан кейін сигнал берген пойыз автобусты қағып өте шығады.

Әлеуметтік желілерде біреулер автобус жүргізушісінің кінәлі екенін жазып жатса, екіншілері аман қалған жолаушыларға шүкір десіп, жарақат алғандарға саулық тілеуде. Құзырлы мекемелер анықтауы тиіс жұмысқа желідегі жұртшылық толассыз пікір жазып, кімнің кінәлі екенін талқылап жатыр.

Алдын ала ақпарат бойынша, қайтыс болған көлік жүргізушісінен бөлек, тоғыз адам жараланған. Оқиға орнына қажетті көлемде "Жедел жәрдем" көліктері жетті. Оқиға орнында тиісті сала басшылары келіп, жағдаймен танысты. Соның ішінде, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев оқиға орнында жүр. Жақын арадағы ауруханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"