Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМА ЖЕМІСІ ЖЕТІСУДАН ТАРАҒАН: БАҒБАНДАР СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

Уақыты: 17.09.2019
Оқылды: 126

Талғар ауданының Алмалық ауылында Қазақ ұлттық аграрлық университеті Жеміс-жидек және көкөніс ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен республикалық Бау-бақша күні өтті. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген бағбандар мен ғалымдар алма өсірудегі өзекті мәселелерді талқылады.

Памологиялық бақта өткен семинар-кеңесті «Ұлттық ғылыми білім беру орталығы» төрағасының орынбасары Есенбай Исламов ашып, жүргізіп отырды.

– Алма – ұлттық брендіміз. Оның отаны Қазақстан екенін әлем ғалымдары мойындады. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Мемлекет еліміздегі алма бақтардың санын көбейту туралы арнайы бағдарлама әзірлеп, оның орындалуын ерекше назарында ұстап отыр. Бүгінгі семинар-кеңесте бағбандар мен ғалымдар алма бақтағы өзекті мәселелерді бірлесе шешіп, алдағы жоспарлар талқыланады, – деді Есенбай Исламов.

Бұдан кейін сөз алған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бірінші проректоры, академик Қанат Тіреуов алма өсірумен айналысатын отандық тауар өндірушілердің арнайы мамандығы болмағандықтан жеміс-жидек шаруашылығы әлемдік бәсекеге төтеп бере алмай отырғанын тілге тиек етті.

– Жеріміздің құнарлы және қолайлы болуына қарамастан Қазақстан алма өсіруден әлем бойынша 42-орында тұр. Өз тұтынушыларымызды жеміс-жидекпен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Оның орнын шетелдік өнімдер толтыруда. Соңғы бес жылда бір миллион тоннаға жуық жеміс-жидек сырттан әкелінген. Оның көптеген қолайсыздықтары да бар. Мәселен, импорттық өнімдермен бірге келген олардың ауру қоздырғыштары отандық алма бақтарға залалын тигізіп жатыр. Өкінішке қарай, сол зиянкестермен күресті әлі күнге дейін дұрыс жолға қоя алмай келеміз.

Қазір елімізде бау-бақшамен айналысатындардың дені ұсақ және орта тауар өндірушілер. Мұндағы бағбандардың арнайы білімі жеткіліксіз. Сондықтан жаңа технологияларды игеретін мамандарды даярлап шығарсақ осы олқылықтардың орны толады. Қазақ Ұлттық аграрлық университеті осы негізде ауқымды жұмыстар атқаруда. АҚШ-тағы Корнель университетімен тығыз байланыс орнатып, сол елдегі жоғары оқу орнында студенттеріміз білімін шыңдап жатыр, – деді Қанат Маратұлы.

Семинар-кеңесте айтылғандай, еліміздегі Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары алма өсірумен айналысады. Бұл тұрғыдағы аймағымыздың үлесін облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров кеңінен әңгімеледі.

– Алма жемісі алғаш рет жер жаннаты Жетісудан Ұлы Жібек жолы арқылы бүкіл әлемге тараған. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында алмаға ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда облыстағы алма бақтардың жалпы көлемі 24,7 мың гектарға жетіп отыр. Оның ішінде 2,7 мың гектары интенсивті бақтар. Ауылшаруашылық кешенін дамытудың 2017 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтағы алма бақтарының көлемін 26 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда, – деді ол.

Әрине, ғылымсыз алға жылжу мүмкін емес. Семинар-кеңестің түйінін Жеміс-жидек және көкөніс ғылыми-зерттеу институтының директоры Серік Садықов қорытындылады.

– Бүгінгі жиынды памологиялық бақта өткізіп отырғанымыз бекер емес. Өйткені, осы жерде отандық алма өсіру ғылыми негізде қолға алынды. Оның тарихы 1937 жылдан басталады. Осындай жұмыстардың негізінде жеміс-жидек ғылыми-зерттеу институты құрылды. Биыл аталған институтқа 60 жыл толды. Әрине, семинар-кеңесте көптеген пікір айтылды. Әйтсе де, бұл мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп жатқаны бәрімізді қуантады. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, елімізде жеміс-жидек өсіруге қолайлы жерлер туралы карта әзірлеуіміз керек. Интенсивті бақ өсірумен айналысатын үш облысты ғана белгілемей, басқа аймақтарды да осы жұмысқа тартқанымыз жөн. Отандық көшеттерді өсіріп, оны күтіп-баптауда еуропалық технологияның стандартын енгізу арқылы мол табысқа қол жеткізетініміз анық, – деді Серік Садықов.

Семинар-кеңеске шетелдік ғалымдар да қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Алатау бөктерлеріндегі жабайы алмалардың генофондын сақтау мәселесіне жиналғандар айрықша назар аударды. Осынау ұлттық байлықты сақтау баршаның басты міндеті. Алдағы жұмыстар осы мақсатта ұйымдастырылатын болады.

Болат МӘЖИТ

Талғар ауданы