ОРМАНДАҒЫ ӨРТ: ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖОЛДАРЫ

Уақыты: 18.09.2019
Оқылды: 5125
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ормандағы өрт табиғат апаты десек те, оның себебі мен салдары көп жағдайда қауіпсіздікті сақтамағандықтан болатыны сөзсіз.

Көп жағдайда жарылыстар улы заттардың жиналуы немесе адамдардың өрт ережелерін сақтамағандықтарынан болуы мүмкін. Бұған тағы да орман өрттерінің шығу себебін қосуға болады.

Орманда өрт шығу себептерін сараптағанда, ол көбінесе адамдардың өз кінәсінен болатыны анықталды. Жекелеген тұрғындардың немесе орман жұмысшыларының бұл мәселеге үнемі бейқамдық танытатыны өкінішті. Сондықтан, өрт қауіпсіздігі ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, олармен қатар қоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс.

Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі - бірінші кезектегі мәселе. Орман шаруашылықтарының барлығында орманды өрттен қорғау жоспары болады. Жоспарда орманның түрі, ортаның рельефі, су, теміржол, автомобиль жолдарының жақындығы ескеріледі. Орман шаруашылығын өрттен қорғаудың сызбасы жасалады.

Өртке қауіпті орман өсімдіктеріне қарағайлы, жапырақты ағаштар, қыналар, ит бүлдіргендер, аршалар жатады. Орман өрттерінің өзі бірнеше түрлерге бөлінеді. Олар: төселе жанатын, шарпи жанатын және дауылды өрттер. Әр өрттің жану жолы әртүрлі деңгейде қарастырылады. Орман өрттерінің алдын алу шараларының ең маңыздысы – қолдан жасалған өртті азайту.

Ормандағы өрттердің бәрі сыртқы себептерден болады. Әйтпесе, орманның ішінде өрттің көзі жоқ. Рас, орманның жануы кейде найзағайдан да болады, бірақ өртті орманға негізінен адамдар әкеледі.

Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан, оған жол бермеудің алғы шарттарын қатаң сақтау қажет. Орман өрті жедел өтеді және тез таралады. Қалың ағаш ішіндегі өрт минутына 3-4 метр жылдамдықпен таралып, 10-14 сағатта үлкен аумақты шарпиды. Оның ішіне кіру де, өрт сөндіру техникаларын енгізу де – қиын шаруа.

Кез келген апатты жағдайда тұрғындарды қорғау шаралары қаралады. Өртпен күресуге балаларды және жеткіншектерді, екіқабат әйелдерді және бала емізетін аналарды қатыстыруға тыйым салынады. Апат аймағында әкімшілік басқармасының ерекше заңдары әрекет етеді. Осы заңдар барлық күштерді және техниканы өртті сөндіруге қолдануға рұқсат етеді.

Елді мекенге тақалған өртті тоқтата алмаған жағдайда мемлекеттік қызмет адамды, мүлікті және малды қалай қорғау керектігін, не істеу қажеттігін, ал қажетті жағдайда эвакуациялау туралы алдын ала хабарлайды.

Бақыт НҮСІПБЕК,

Аралтөбе орман шаруашылығының қараушысы

Кербұлақ ауданы

Сурет ғаламтордан алынды