ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ: ДОСТЫҚТЫ ДӘРІПТЕГЕН ЖУРНАЛИСТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 27.09.2019
Оқылды: 1020
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының облыстық кезеңі өтіп, қаламгерлер марапатталды. Жүлдегерлер қатарында «Жетісу» газетінің 4 қызметкері бар.

«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ директоры Тәңірберген Қасымберкебаев аталмыш байқаудың мақсат-мұраты мен шартын тілге тиек етіп, өткен жылы облыстық іріктеуден өтіп, республикада жүлделі орын алып келген журналистерді еске салды. Алайда биылғы келіп түскен материалдардың аздығына қынжылыс білдіріп, келесі жылы мазмұнды да мәнді дүниелер күтетінін жасырмады. Ал қазылар алқасының төрағасы, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов:

– Ұсынылған материалды түбегейлі қарап шығып, әділ шешім шығардық. Журналистика – қоғамның айнасы, сондықтан ақпарат нақтылы болуы шарт. Журналистерге ескертетін жайт, қазір зерттеу жұмыстары тым азайып кеткен, «барды, келді, өтті» деген мағынадағы шығармалар кездесті. Сонымен бірге, журналистикадағы жанр, жазудың тәсілдеріне мән берсеңіздер, – деп, келесі жылы өтетен байқауға номинация бойынша жіберу керектігін, әсіресе, медиация тақырыбында әзірленген материалдың жоқтың қасы екендігін атап өтті.

Қазылар алқасының мүшесі, облыстық «Жетісу» газетінің бөлім меңгерушісі Мәди Алжанбай пікір қосса, байқауға қатысушы «Қаратал» аудандық газетінің бас редакторы Асхат Өмірбаев, облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина, облыстық «Жетісу» газетінің тілшілері Гүлжан Тұрсын мен Асыл Сұлтанғазы да өз ойларын білдірді.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Дайранқызы жеңіп алды. Бірініші орынды  облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Гүлжан Тұрсын алса, екінші орыннан облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі Надежда Белова мен облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Еңлік Қабдеш көрінді. Үшінші орын Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Зейнегүл Жұмабекке, «Қаратал» газетінің бас редакторы Асхат Өмірбаевқа және «Кербұлақ жұлдызы» газетінің бас редакторы Ләйлә Оңалбаеваға бұйырды. Байқаудың арнайы жүлдесін «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман мен «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Анастасия Триппель иеленді.

Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы