"СЫЛБЫР ЖҰМЫС": ӘКІМНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ "АЛТЫН ОРДАДАҒЫ" ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 30.09.2019
Оқылды: 928
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың Қарасай ауданына жасаған жұмыс сапары «Алтын Орда» базарының маңындағы 3,8 шақырымдық жол құрылысының барысын тексеруден басталып, жолаушы автобусы мен пойыздың қақтығысы орын алған Шамалған теміржол бекетіндегі ахуалды салмақтауға ұласты.

Алдымен Алматы – Бішкек күрежолының бойындағы «V-OIL» жанармай бекетіне барған жұмыс тобы жол құрылысына кедергі келтірген нысанның жай-күйімен танысып, айналма жолдың тұғырлары тіреліп тұрған жанармай бекетінің орналасуын өз көздерімен көріп шықты. Қазір жанармай бекеті орналасқан аумақты сатып алу ісі сотпен шешілу үстінде. Осыған орай жұмыс тобымен біршама жерді жаяу аралап шыққан Лаззат Махатұлы жол бойындағы «Леруа Мерлен», «Апорт» сауда орталықтары мен «7 Құрдас» базарына қарасты жерлердегі жағдайды саралады. Одан бөлек, «Алтын Орда» әмбебап сауда кешені мен «Іргелі» кафесінің, «Асыл Арман» тұрғын үй кешені секілді нысандардың аумағындағы жол құрылысындағы кемшіліктер мен келеңсіздіктерге ескерту жасалып, кемшілікті түзеуге тапсырма берілді.

Күре жолдың бойында жасалып жұмыстардың нәтижесін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Алматы облыстық филиалының директоры Жаңабай Қобыландин және Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай таныстырды. Олардың айтуынша, жол бойындағы кей нысандар алынып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берілсе, кей тұста әлі де міз бақпай тұрған кәсіпкерлік нысандары көрінеді. Осыған орай автожол құрылысын жүргізуі тиіс бас мердігер «Дәулетжолқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сылбыр жұмысы сынға алынды.

Серіктестік директоры Серік Қарабековтың айтуынша, 126 адам еңбек етуде. Алайда жұмыс күшінің аздық ететінін ескерткен Лаззат Махатұлы қосымша жұмысшы алу керектігін алға тартып, жергілікті органдарға, оның ішінде Қарасай аудандық әкімдігіне істі жеделдетуге тапсырма берді. Өйткені, жол бойындағы аумақты абаттандыру, күрежолдың құрылысына кедергі келтіретін бірқатар шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын сүру жұмыстарын қадағалау аса қажет. Оның үстіне жолға керекті әрбір текше метр жердің иесін анықтап, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен қатар, жұмыс тобы осы аумақта жиі орын алатын көлік кептелісін болдырмаудың жолдарын қарастырып, «Апорт» сауда орталығының тұсындағы бағдаршам мен жаяу жүргіншілер жолағының келтірер кедергісін салмақтады. Қазір осы мәселені шешудің жолы қарастырылуда. Осыған орай Қарасай аудандық әкімдігі мен жол жасаушыларға тапсырма жүктеген облыс әкімінің бірінші орынбасары «Алтын Орда» базарының төмен жағындағы заңсыз жер телімдерін анықтап, мәселені бірлесе шешу керектігін ескертті.

Одан соң Шамалған теміржол бекетіне барған Лаззат Махатұлы Екатеринбург – Алматы теміржолының бойындағы түйінді мәселені шешуге қажетті картамен, жоспармен және басқа да құжаттармен танысып, стансыны айналып өтудің мүмкіндігін саралады. Себебі, мұнда жақын арада облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен жаяу жүргіншілер өткелі мен автокөлік жолайырығының құрылысы басталады. Сол арқылы автокөлік кептелісі азайып, жол қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Жобалық-сметалық құжаттамасы қазан айының басында дайын болатын жаңа құрылыс көп ұзамай басталуы тиіс.

«Алтын Орда» базарының маңы мен Шамалған теміржол бекетіндегі жағдаймен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары аудан басшылығы мен жол қызметінің жетекшілеріне бірқатар ескертулер жасап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Қарасай ауданы