ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯ ҰЗЫНАҒАШТЫҢ ТАЗАЛЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 11.10.2019
Оқылды: 1148
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімдігінің «Облыстың елді мекендерін санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру көктемгі-күзгі екі айлығын өткізу туралы» 2019 жылғы 4 наурыздағы №88 қаулысын орындау мақсатында құрылған жұмыс тобы Жамбыл ауданында болды.

Алдымен аудан орталығындағы көшелердің жай-күйін шолып шыққан топ осындағы жұмыс барысына қанықты. Ұзынағаш ауылының орталық көшелері қоқыстан таза, ғимараттардың қасбеті тартымды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан Жұртшиевтің айтуынша, тазалық айлығы жөнінде іс-шаралар белгіленген. Соған сәйкес құрылған арнайы штаб мүшелері науқанның тиісті деңгейде атқарылуын қадағалап, қажетті шараларды қамтамасыз етуде. Ауданда 60 әкімшілік ғимараты мен 85 әлеуметтік-мәдени нысанның және 2600 жеке үйдің қасбетіне сәулеттеп-көркемдеу жұмыстары жүргізіліпті.

Жұмыс тобы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ұзынағаш ауылында іске асып жатқан 3 жобамен танысты. Бұл жобаларға 99 млн. 56 мың теңге қаржы қарастырылған. Атап айтқанда, Сарыбай би және Мәжитов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылуда және  сондағы орталық кәріз жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, ішкі жолдары жасалуда. Айлық барысын бақылау тобы аудан орталығының шығыс және батыс жақ шетінде жол бойына жағалай егілген қарағай, тал-теректі көрді. Биыл мұнда тағы 135 дана қылқанжапырақты ағаш көшеті отырғызылыпты. Ал басқа да елді мекендерде айлық басталғалы 1865 дана ағаш егілген.

Жұмыс тобы аудан орталығының сыртындағы қоқыс полигонында болып, күресін орнының белгіленген заң талаптарына сәйкестігін саралады. Сондай-ақ, Үмбетәлі, Жамбыл ауылдарына барып, ақын атындағы елді мекендердің сыртқы келбеті мен айналасының тазалығын бақылады. Мұнда да санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілген.

Аудан бойынша 320 көше, 15800 үй мен ғимарат ауласы, 220 шақырым автокөлік жолының бойы тазартылып, 245 тонна тұрмыстық қалдық арнайы күресінге шығарылды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы