Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛҒАР АУДАНЫ: ҰСТАЗДАР АҒЫЛШЫНША СӨЙЛЕУГЕ КӨШКЕН БЕ?

Уақыты: 09.10.2019
Оқылды: 144

Бүгін Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров мәртебелі мамандық иелері - ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады.

Шәкірттердің жүрекжарды жырымен шымылдығын ашқан шарада сөз алған аудан әкімі:

- Бүгінде аудандағы 42 мектепте 3996 мұғалім еңбек етеді. Олардың ішінде 3575-і жоғары білімді, 62-сі аяқталмаған жоғары білімді болса, 983-і жоғары санатты, 1112-сі бірінші және 913-і екінші санатты мұғалімдер. Ауданда білім сапасы артып, ұстаздардың шығармашылығы нығая түсуде. "Ұстаз еңбегі - ұлы еңбек", - деген Жолан Ыбырайақынұлы ұстаздардың отбасына амандық, еңбектеріне табыс тіледі.

Салтанатты шарада бірқатар үздік ұстаздар министрдің, облыс, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Атап айтсақ, облыс әкімінің Алғыс хатымен Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназиясының директоры Айтжамал Нұрбатырова марапатталса, "ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері" төсбелгісін Бесағаш ауылындағы №28 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ельмирам Заирова тақты. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын 7 мектептің директоры алды.

Ұстаздарды төл мерекесімен құттықтаған "Құрмет" орденінің иегері, Білім беру ісінің үздігі, Талғар политехникалық колледжінің директоры Райхан Садықова бұл күні 50 мұғалімнің марапатқа ұсынылғаны еңбектің еленгені дей келіп, мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, жас ұстаз Аружан Смағұлова да өз мамандығына деген ризашылығын білдірді. Осы еңбегінің арқасында баспаналы болғандығын тілге тиек еткен ол ақжарма тілегін ағылшын тілінде ақтарды.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік тартуымен жалғасты.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы