Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АҚСУ АУДАНЫ: ҰСТАЗ АТЫНДА КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

Уақыты: 15.10.2019
Оқылды: 110

Қызылағаш ауылындағы Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепте отыз жылдан аса уақыт ұстаздық еткен Айтмұхамбет Есімжановқа арналып кабинет ашылды.  Кабинеттің ашылуына  мұғалімнің балалары, аудандық білім бөлімінің жауапты мамандары, ұстаздар және мектеп оқушылары қатысты.

Айтмұхамбет Есімжанұлы 1929 жылдың 12 қазанында Сарқан ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы педагогикалық тіл-әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, 1951 жылы тамамдайды. Еңбек жолын Қапал аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып бастайды. Осы мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен дәріс берген. Ал 1957 жылы ұстаз Ілияс Жансүгіров мектебіне қызметке ауысады. Қызылағашта қызмет істеуді өзі қалайды, жанына жақын тартады. Білім шаңырағының оқу бағдарламасын жыл сайын жаңалап, балалардың сапалы білім алуына бар күш-жігерін жұмсайды.

Үзіліссіз 25 жыл бойы  білім шаңырағында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарады. Тәжірибесі әбден толығып, ұлағатты тәлімімен көптің көңілінен шыққан ұстаз мектепті басқару тізгінін қолына алады. Ол кісі директорлық еткен жылдары оқу орнының базасы күшейтіліп, жылу жүйелері жаңартылады. «Көргені жақсы көш бастайды» демекші, ұстаз көшті осылайша көлікті етеді. Мектеп мұғалімдері ол кісіні құрметпен еске алады.

– Дауысын көтермей сөйлейтін. Алдына келгендердің  сөзін мұқият тыңдап, ойын бөлмей, істің ыңғайына қарай шешім шығаратын, – дейді ұстаз Бақыт Қидыкенова.

Айтмұхамбет аға – асылдың тұяғы. Әкесі Есімжан саяси қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккен. Анасы – Рәзия да қасіретті жылдардың құрбаны болған. Ол жылдар жайлы «Жетім жиен» атты әңгімесінде кеңінен суреттеледі. Кез келген оқырманның көңіл кілтін босатады.  Міне, бүлдіршін шағынан ата-анасыз қалған Айтмұхамбет аға тура жолды ту етіп ұстайды. Ойға түйгенін өзінің ғана емес, барша баланың санасына сіңіруге тырысады. Ақырын жүріп, анық басқан аға білім-білігін  жас мамандарға да үйретеді. Бүгінде ұстаздың еңбегі еш кетпей, аты құрметпен аталып, өзі еңбек еткен мектептен кабинет берілуі заңдылық. Ол кісінің әр ісі, әр еңбегі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі-өнеге.

Мәселен, қолымызға түскен «Елім деп соққан жүрегім» атты кітабы – сыр тұнған шығарма. Бірнеше бөлімге бөліп, дайындаған екен. «Мөлдір жандар» деген бөлімде жанға шуақ шашар жақсы-жайсаңдарға арналған өлеңдері енгізіліпті. Шынымен де өмірдің мәні  ақылы кеніш замандас, құрдас, ағайында. Екінші бөлім «Келісті мен кермектер» деп аталған. «Ой сүзгі» деген өлеңіне көзім түсті.

Көңілім-ау, қайда шарлайсың,
Пыраққа мініп барлайсың.
Қиялмен самғап қиырдан, 
Түйсініп, түйіп, талдайсың.
Бос демен ыдыс бас деген,
Толтырып ойға ал деген.
Жатады қайнап қазанда,
Тәуірі менен  әттеген.
Көз, құлақ тұрса жеткізіп,
Сүзгіден тұрар өткізіп.
Сене де бермей құлаққа,
Ой сүзгі кетер көк жүзіп.
Адаспайды елеген,
Қайырым жетер  береген.
Осылай жатам қиялдап,
Ой сүзгі күтіп пендеден
, – деп жырлайды немесе:

О, пенде қымбат әр күнің,
Бағасын білсе әр кімің. 
Мөлдіреп тұрса ой сүзгі, 
Алаңсыз өтер әр түнің
, – дейді Айтмұхамбет аға бақыттың кілті сыйластықта, жүректің тыныштығында екенін меңзеп.

Дария кеуде, тау мүсін ағаның өсиеті балалардың жүрегіне жол тауып жатса, құба-құп емес пе?! Мектептегі шараның да өн бойынан осындай жақсы леп есіп тұрды. Балалар ағаларының өсиетін өлеңмен өрнектеді. Ашық сабақ өткізді. Білім саласының атынан аудандық білім бөлімінің басшысы Мұхтар Сағадиев сөйлеп, кабинет ашуға мұрындық болған ауыл әкімі Сәуле Хамитоваға, баласы Мұхитқа алғыс білдірді. Ұрпағы кабинетті әкесі үшін жабдықтағанымен, игілігін көретін оқушылар екенін ескерсек, мектеп директоры Данияр Ақмолдаевтың қуанышы, толғанысы құптарлық.

Кабинетте еңбекпен ел құрметіне бөленген жанның адал жолмен жеткен жетістігі көрсетілген. Айтмұхамбет Есімжанұлы «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Халық ағарту қызметкерлерінің озаты. Республикалық, облыстық педагогикалық байқаулардың жүлдегері.

Кабинеттің ашылу салтанатында ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлқұмар Қабайханұлы, Айтмұхамбет атаның жары Нұрбижамал, құрдасы Алтынбек аға сөз алып, естеліктер айтты. Балалары Әлия, Ләйлә, немересі Сая перзент парызын өтеп, көпшілікке ілтипатын білдіріп, жақсы адамның жайсаң істері жайлы мол мағлұмат берді. Туысы Нұрлан Шағанбаев шараның ұйымдастырылуына көмектесіп, болашақта атқарылатын жұмыстар жайлы әңгімеледі.

Жиын соңында мақсаты бір жандар бірге естелік суретке түсті.  Ұстаз, ата-ана, оқушы бірлесіп атқаратын жұмыстардың  бағыты айқындалды.        

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы