20 ПАЙЫЗЫН ҮНЕМДЕЙДІ: КҮН ЭНЕРГИЯСЫМЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН МЕКТЕП

Уақыты: 24.10.2019
Оқылды: 725
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күн станциясы іске қосылды. Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, ҚР Энергетика министрлігі және «Шелл» компаниясының өкілдері қатысты.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің аумағында «Шелл» компаниясы«Мектептерге күн энергиясы» жобасы аясында қуаты 100 квт/сағ фотоэлектрлік күн панельдерімен жабдықталған арнайы тұрақтар орнатты. Фотоэлектрлік станция күн сәулесін фотоэлектрлік модульдермен түрлендіру арқылы электр энергиясын өндіреді. Олар мектептің жылдық энергия тұтынуының 20 пайызын үнемдейді және артық өндірілген электр энергиясын қалалық желіге жіберуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев «Мектептерге күн энергиясы» жобасы облыстағы «жасыл экономиканы» енгізуде үлкен қадам екенін айтты.

"Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова жобаның STEM-білім беруді енгізудегі, оқушылардың экологиялық мәдениетін тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.

«Шелл Қазақстан» компаниясының Үкіметпен байланыс жөніндегі директоры Зарина Бакенова «Мектептерге күн энергиясы» жобасы жаңартылатын энергия көздері саласында жергілікті компаниялардың біліктілігін арттыра отырып, шағын және орта бизнестің әлеуетін дамытатынын баса айтты.

Мұндай жаңалыққа, әсіресе, физика пәнінің мұғалімі Өмірғали Бекешев қуанышты. Ол жобаның оқушылардың жасыл экономика, экология саласындағы шығармашылық идеяларына шабыт беретінін айтады.

– Оқушыларымыздың бұл бағыт бойынша жетістіктері жоқ емес. Жуырда автобус аялдамаларында энергияны үздіксіз пайдалану жүйесін жасақтаған мектеп түлегі, Назарбаев Университетінің 1-курс студенті Азиз Талапов патент алды,– деп бөлісті Ө.Молдашұлы.

Айта кетейік, «Мектептерге күн энергиясы» жобасы Энергетика министрлігі, «Шелл» компаниясы және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ арасындағы меморандум аясында екінші жыл жүзеге асуда. «Шелл» компаниясынан күн энергиясын Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларындағы Зияткерлік мектептер алған болатын. Ал 2020 жылы осындай станция Алматы және Атырау қалаларында пайда болады.

Салтанатты шарадан кейін жас зияткерлер меймандарға жасыл энергетика, жасанды интеллект, биотехнология салалары бойынша идеяларын таныстырды. Сонымен қатар бұл күні  алманың коллекциялық және интенсивті сорттары өсетін экобақтың негізі салынды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Батыс Қазақстан облысы