"ҮЛГІ БОЛДЫ": ОБЛЫС ӘКІМІ 80 ЖАСТАҒЫ ЕҢБЕК АНАСЫНА ТӨСБЕЛГІ ТАҚТЫ

Уақыты: 25.10.2019
Оқылды: 1381
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шынайы ерлік пен еселі еңбек ескерілмей қалмайды. Оған жазиралы Жаркент өңірінің жұрты тағы көз жеткізді. Аты аңызға айналған атақты жүгеріші, Социалистік Еңбек Ері, Алматы облысы мен Панфилов ауданының Құрметті азаматы Күләш Айтжанованы 80 жасқа толуына орай облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы келіп құттықтауы – соның бір айғағы.

Аудандық әкімдіктің актив жиынында облыс әкімі сөз сөйлеп, Күләш әпкемізді мерейлі жасқа жеткен қуанышымен құттықтады. Ауданға келген сайын ардагер анаға арнайы барып амандасып, хал-жағдайын біліп тұратын облыс басшысы адал еңбегімен биік құрметке ие болған Күләш Айтжанқызы туралы көсіліп сөйледі.

– Өмірге келгеннен тек қиындықтармен тіршілік кешкен ананың қазір жасы сексенге тақаса да, қажыр-қайраты сарқылмағаны қуантады. Ол үш жасқа толғанда Ұлы Отан соғысы басталып, әкесі Айтжан майданға аттанды. Соғыстан әке оралмады, бұғанасы қатпай шаруашылық жұмысына араласып, анасы екеуі майданда қаза болған асыл азаматтың атына селкеу түсірмей еңбек етті.

Ұжымдық шаруашылықтың барлық науқандық жұмыстарының алдыңғы қатарында жүрді. Қой қырықты, егін суарды, механизаторлық мамандықты меңгеріп, шаруашылық тракторын да жүргізді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Жаркент өңірінде жүгері өсіріле бастағаннан жеке алқап алып, «дала аруын» баптады. Бір өзі 100 гектар жүгері алқабын күтіп-баптап, жыл сайын одан жоғары дәрежеде сапалы өнім жинап, үнемі өзара жарыстың жеңімпазы атанып жүрді. Соның нәтижесінде Кеңестер одағы оның еңбегін жоғары бағалып, 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын берді.

Күләш апамыз еңбек еткен кеңес кезеңіндегі Еңбек Қызыл Ту орденді С.Киров атындағы ұжымдық шаруашылық өндірістік қуатымен республикада атағы аспандаған өндіріс орындарының бірі еді. Осындай өндірісі өрге домалаған ұжымдық шаруашылықтарда жалпы жетістікке еселеп үлес қосқан атпал азаматтар мен ерен еңбеккерлер аз емес болатын. Солардың арасынан оза шауып, Кеңестер одағының ең жоғары наградасына ие болуының өзі Күләш Айтжанқызының ерен еңбегін айғақтайды.

"Біздің жас кезімізде ерен еңбегі, өнегелі өмірімен үлгі болар аға буын өкілдері көп еді. Мысалға алар болсам, екі мәрте Еңбек Ері атанған майталман Николай Никитч Головацкий, бір шаруашылықта бірге еңбек еткен атақты жүгерішілер Мариям Ниязова, Әбілмәжін Қасымбеков, Әлімжан Бақтаев, басқа да орденді әпке, ағаларымыз жастарды атақ, абыройымен қызықтырып, адал еңбекке баулуда үлгі болды. Солардың қатарында Күләш апамыз да талай жастың кеудесінде жігер отын жалындатқаны анық", – деп бір қайырған Амандық Ғаббасұлы қашанда тыным таппайтын ардагер ананың бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіндегі алар орнына ерекше тоқталды.

Облыс басшысы бұл жиынға құрқол келмепті. Ардагер ананың иығына шапан жауып, қолына гүл шоғын ұстатып, кеудесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген «Алтын барыс» төсбелгісін тақты. Мемлекет басшысының Алғыс хатын оқып, тапсырды. Ардагер анаға ұзақ ғұмыр тіледі.

Облыс басшысының ыстық лебізіне толқыған Күләш Айтжанқызы еңбегін елеген ел азаматтарына алғысын жаудырды. Жиында «Құрмет» орденінің иегері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, «Қарасу» өндірістік кооперативінің төрайымы Күлғайша Бердіғұлова, ҚР білім беру ісінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы Ахметжан Надыров, «Қамқорлық» ЖШС төрағасы Әлен Жолдасов сөз сөйлеп, ардагер ананы мерейтойымен құттықтады.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы