АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: КЕГЕН АУДАНЫНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 25.10.2019
Оқылды: 2733
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс орталығынан ең шалғайда орналасқан таулы өлке шадыман-шаттықтың құшағында қалды. Алатаудың етегінде Кеген ауданының 90 жылдық торқалы тойы өтіп, алыс-жақынды дүбірге бөледі.

Кеген ауданының 90 жылдығына арналған мерейлі той Мәдениет үйіндегі ғылыми-тәжірибелік конференциямен бастау алды. Келелі басқосуда Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиев баяндама жасады. Ол өңірдің тарихы туралы кеңінен сөз қозғады. Белгілі ғалым ауданнан шыққан, республикаға, алыс-жақын шетелдерге танымал айтулы тұлғаларды орнымен әңгімеледі. «Соңғы 10 жылдың көлеміндегі ауданның жетістіктерін айтар болсам, таулы өңір бойынша ауқымды істер атқарылды. Дәнді дақылдың көлемі артып келеді. Төрт түліктің саны өсе түсуде. Әсіресе, жылқы мен қойдың саны артқаны байқалады. Асыл тұқымды мал басының да үлесі көбейе түскен. Ет пен сүт өндіру ісі бұрынғыдан әлдеқайда ұлғайған. Бұл – ауданның жетістіктері ғана емес, сонымен қатар, экономикасының да көтерілгендігінің нақты дәлелі. Аудан халқының тұрмыс жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Өңірде сәнді де салтанатты құрылыстар бой көтеруде. Бір ғана аудан орталығында заманға лайық, күн сайын 250 адам қабылдайтын емхана, 280 орынды балалар бақшасы, музей ғимараттары бой көтерген. Ауылдардың арасын жалғайтын жолдар қалыпқа келтірілуде. Осынау мерейлі 90 жылдық той қарсаңында аудан орталығындағы көшелер қайтадан асфальтталып, заманға лайық адамдар жүретін жолдар жасалып, бағдаршамдар орнатылыпты. Осының бәрін көріп қуанып қалған жайымыз бар», – деп атап көрсетті баяндама жасаған ғалым Байынқол Қалиев.

Конференцияда өз тұстарында ауданға басшылық жасаған Бексырға Данышпанов, Аян Айтжанов сөз алып, ауданның кешегісі мен бүгінгісі, онда елеулі еңбек еткен жандар туралы айтты. Ауданның 90 жылдық мерейлі қуанышымен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, ғалым, өңірдің бір түлегі Талдыбек Нұрпейісов, ҚР кино қайраткері, ҚР кино өнерінің үздігі Шаяхмет Имашов, Ұйғыр аудандық мәслихатының хатшысы Нұрәкім Есжанов, белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өңірдің айтулы түлектерінің бірі Жақыпжан Нұрғожаев, ауданда ұзақ жыл басшы қызметін атқарған Тұрсынгүл Мұқанова, Райымбек аудандық мәслихатының хатшысы Ерлан Құдабаев, Кеген аудандық ақсақалдар мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, сазгер Жақсылық Әбдіраманов сөз сөйлеп, ғасырға жуық ғұмыр кешкен таулы өңірдің жақсылықтары, жеткен жетістіктері туралы сөз қозғады.

Кешкілік аудандық Мәдениет үйі мен Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің арасынан жасалған балалардың ойын алаңы салтанатты түрде ашылды. Оған арналған лентаны «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиев тағы басқалар қиып, жылы лебіздерін жеткізді.

Кеген алғашқы құрылған жылдары Қарқара ауданы деп те аталды. Құрамына қазіргі Кеген, Нарынқол аудандарының аумағы кірді. 1930 жылы аудан Кеген ауданы болып құрылды. Бұрынғы аумағына Ұйғыр ауданының біраз жері қосылды. Аудан орталығы Қырғызсай (Подгорное) болып бекітілді. Бір жылдан кейін, яғни, 1931 жылдың 21 мамырында аудан орталығы Құмтекейге көшірілді. 1933 жылы аудан орталығы Кеген қыстағына ауыстырылды. 1936 жылы ауданның құрамынан Нарынқол, Ұйғыр аудандары бөлініп, Кеген ауданы өз алдына жеке шаңырақ көтерді. 1962 жылы Кеген мен Нарынқол аудандары қосылып, 1966 жылға дейін бірге болды. 1966 жылы Нарынқол ауданы қайта бөлінді. 1997 жылы қайта қосылған Кеген мен Нарынқол, қазіргі Райымбек аудандары Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылы қайта қалпына келтірілді.

Келесі күні ауданның мерейлі тойы Мәдениет үйінде театрландырылған көрініспен басталды. Мәдениет үйінің өнерпаздары ауданның өсіп-өркендеуіне үлестерін қосқан бірсыпыра тұлғаларды сомдап, көп назарына ұсынды.

Ел мен жұрттың жақсылығына арнайы келген облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ аудан халқын елеулі де мерейлі салтанатымен құттықтады. Облыс басшысы құтты қоныс, таулы өңірді Хангелді, Райымбек секілді батыр бабаларымыз жаудан қорғап, ұрпағына аманаттап кеткені жайлы тарихи деректерге тоқталды. Сондай-ақ, 1916 жылғы Ұлт- азаттық көтерілісінің осы өлкеде кеңінен етек алғанын айта келіп, сол бір қиын күндерде еліне пана, жұртына қорған болған Жәмеңке, Ұзақ, Серікбай мен Әубәкір секілді бабаларымыздың жаужүректігін тілге тиек етті. Еңбек Ерлері, ғалымдар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері көптеп шыққан ауданның көркейер шағының алда екенін сөз етіп, бірқатар еңбек озаттарын Құрмет грамотасы, Алғыс хатпен марапаттады.

Облыс әкімі мерейлі мерекеде Кеген халық театрының ұжымына, жаңадан ашылған спорттық-сауықтыру кешеніне шағын автобустың және аудандық аурухананың «Жедел жәрдем» бөліміне жаңа көліктердің кілтін табыс етті. Облыс басшысының қатысуымен ауданның 90 жылдығына орай жарық көрген «Ата тарих, тоқсан жылдың толғауы» атты кітаптың тұсаукесер салтанаты өрнек тапты.

Үлкен тойда Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов сөз сөйледі. Жиынға қатысушыларды ауданның қуанышымен құттықтап, бірсыпыра азаматтарға Кеген ауданының Құрметті азаматы төсбелгісін тапсырды. Тойдың мәртебелі қонақтарының бірі Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, қоғам қайраткері Стахан Белғожаев сөз алып, ізгі тілектерін жеткізді. Ауданнан шыққан алдыңғы толқын ақын, жазушылардың жолын жалғап келе жатқан танымал қаламгерлер, өңірдің айтулы түлектері Жанарбек Әшімжан мен Алмат Исәділ жүрекжарды лебіздерімен бірге халықтың үлкен қуанышына, тойына арнаған өлеңдерін оқыды.

Осы күні жаңадан ашылған спорттық-сауықтыру кешенінде өңірдің 90 жылдығына арналған қазақша күрестен Кеген ауданының ашық біріншілігі салтанатты түрде ашылды. Облыс әкімі А.Баталов аудан орталығында жасалып жатқан көше жолдарының жайымен танысты. Ауданның 90 жылдығы осылайша атап айтуға тұрарлық елеулі оқиғалармен өрнегін тапты.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы