"ГАЗЕТ ҚАЛАЙША ОҚЫЛМАЙДЫ?" ІЛЕ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 01.11.2019
Оқылды: 1045
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Уақыт бір орнында тұрған ба? Күндер жылжып, айлар сырғып, астық қамбаға түскен алтын күзде басылымға жазылу науқаны басталып кетті. Оқырмандармен дәстүрлі кездесудің өрнегін өзгертіп, «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің редакция өкілдері бұл жолы аудан әкімі, мекеме басшыларымен жүздесіп, елдің хал-ахуалын біліп, әсерлі әңгіме өрбіту мақсатында сапар басын іргелі аудан Іледен бастады.

Аудан әкімі Бағдат Қарасаев іссапарда болғандықтан орынбасары Алмасбек Сатибаев бізді жылы жүзбен қарсы алып, білім, ішкі саясат, пошта, кәсіпкерлік бөлім басшыларымен бірге ауданның тұрмыс-тіршілігін әңгімеледі. Газетіміздің бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым өз кезегінде өткен жылы ғана ғасыр тойы өткен екі бірдей ата басылымның тарихын, жүріп өткен жолдарын тарқатып айтты. Өз кезегінде облыс пен аудан жаңалықтарын жалаулата жеткізіп, қоғамдық-әлеуметтік, рухани тақырыптарды тереңнен қозғайтын газет мәселесіне ойысты.

– Басқа басқа, Жетісу жерінің барлық аймақтарындағы жақсылық атаулы, өзекті мәселелердің түйінін шешер, ой салар, мәдениет пен руханияттан сусындатып отырар екі газетке құрметіміз зор. Әрине, облыстың экономикасына сүбелі үлесін қосып жатқан, халық көп шоғырланған ірі аудан болған соң да бізде жаңалықтар көп болады. Газет бетінен бұрынғыдан да жиі көрінгіміз келеді,  – деп езу тартты Алмасбек Қожабекұлы.

– Иә, әрине, бұл ойыңызды қолдаймыз. Жаңалықтардан бөлек, ел ішіндегі қаһарман замандастарымыз болса  үлгі етуге дайынбыз. Айта кету керек, газетіміздің жазылушы-қолдаушыларының дені – мұғалімдер мен дәрігерлер. Зиялы қауым деп осы кісілерді айтамыз. Ең әуелі осы зиялы қауымға, көзі қарақты оқырмандарымызға алғысымыз мол. Олар үшін газетімізде жарияланып жатқан керек ақпарат жетерлік. Келесі жылы Абай атамыздың 175 жылдығы кеңінен аталады. Балпық би, Ілияс Жансүгіров сияқты тарландарымыздың мерейлі тойлары өтіп жатыр. Міне, осындай ұлт ардақтылары жайлы қаншама дәйекті мақалалар жариялануда. Дегенмен, өз кезегінде ірі-ірі серіктестіктер, зауыттар мен шаруа қожалықтарына бай аудан болған соң мұнда жұмыс істейтін жұмысшыларға, тіпті жағдайы төмен отбасылар мен қарт кісілерге газетке жазылу жағынан демеушілік көрсетсе деген ұсыныс-тілекті  айтқымыз келеді, – деді Н.Додабайұлы.

Жергілікті басшылық бұл ұсыныс-тілекті бірден құптап, облыстың қос басылымына жазылу жұмысына қолдау көрсететіндіктерін айтты.

ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ

Аудан әкімшілігінен ізгі әңгіме, жылы лебізбен шыққан бетте өңірдің бай қазынасы саналар серіктестіктерге соғу ниетімен кәсіпкерлік бөлімінің бас маманымен бірден КазЦИК ауылында орналасқан «Фирма Бент» компаниясына тарттық. Бізді аталған компанияның президенті, облыс пен республикаға танымал бизнесмен, меценат Ділмұрат Кузиевтің баласы Дінмұхамед Кузиев ақжарқын көңілмен қарсы алып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырды. Өзі жас болса да сөзі жинақы, тілге шешен, іске батыл, өжет екені көрініп тұрды.

Көзге бірден түскені – дәліздегі ақпараттың бәрі мемлекеттік тілде жазылған. Зауыт басшысы мұнда арнайы мамандарды мемелкеттік тілде оқытатын кабинеттің де бар екенін айтып, осы кабинетпен, партия отырысына арналған бөліммен таныстырды. Мұнда шешілетін жұмыстардың бәрі қатталған, рет-ретімен тұр. Одан әрі зауыттың өндіріс аймағына өттік. Мұнда болат өзекшесі, диаметрі 500 см.-ден 2,5 метрге дейін, ұзындығы бес метр темір-бетон құбырлар шығарылады. Олар магистральды су тартқыштарға, ағынды кәріздерге арналған. 

Бұл зауыт кезінде мұндай құбырларды шығарумен айналысатын КСРО-дағы жалғыз кәсіпорын болды. Түрлі кезеңдерден өтіп, зауыт жұмысын тоқтатпай, керісінше, алға жылжып, көненің көзін жаңартып-жаңғыртумен болды. Қазіргі кезде әртүрлі маркалы темір-бетон шпалдар, метро үшін темір-бетон сақиналар, құрылыс қадалары, қорғаныс қоршауларын шығарады.

Жас кәсіпкер өндірістің қыр-сырын нақты түсіндіріп қана қоймай, сыни оймен талдап, шешен сөйлейді. Өндірістік аймақта бетон араластырғыш цехты, рельсті бекітпелерді шығару учаскесін, жол құрылысы бөлшектерін дайындау орындарын қарап шықтық. Зауытта неміс технологиясы бойынша рельсті бекіту бөлшектері шығарылады.  Екі ауысымда тәулігіне 2500 шпал дайындай алады.

Дінмұхамед бүгінгі күні «Фирма Бент» ЖШС зауытының базасында теміржол өткелдеріне арналған темір-бетон плиталарын шығаратын Қазақстан-поляк бірлескен  кәсіпорны құрылғанын айтты. Бұл өнім алғаш рет республика аумағына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның «Жаңа өндірістер» бағдарламасы бойынша енгізілуде екен. 

Ақаулы бұйымдар шығаруды болдырмау үшін барлық келіп түсетін материалдардың кіріс бақылауы өтетін аккредиттелген орталық зертхананы көрсетті. Сондай-ақ, тиеу-түсіру алаңын, инертті материалдар қоймасын, түрлі маркалы бетон өндіру үшін жеті қабатты бетон-араластыру бөлімшесін көрдік. Тіпті ерлер мен әйелдерге арналған  киім шешетін бөлме, душ, тегін асхана да бар. Айта кетерлігі, «Нұр Отан» партиясының «Фирма Бент» бастауыш ұйымы байқау қорытындысы бойынша Алматы облысындағы ең үздіктердің бірі болып танылып, республикалық байқауға қатысып, Қазақстан бойынша екінші орынға ие болыпты. Сонымен қатар бірнеше рет «Үздік тауарлар» республикалық байқауының жеңімпазы атанған.

Д.Кузиев өз сөзінде соңғы жылдары зауыттың тұрақты емес тапсырыстарға байланысты қиындықтарға тап болғанын айтып қалды. Бізге басшы ретінде өзін не мазалайтынын жеткізді.  Мысалы, кәсіпорын бүгінде толық қуатында жұмыс істемейді.

– Елімізде қалыпты жұмыс істеу үшін бәрі бар. Тұңғыш Президент ұлттық компаниялардың басшыларына соңғы 15 жыл ішінде отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарт жасасу қажеттілігі туралы үздіксіз айтқан болатын. Бұл, өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін шешілмеген. Қазақстанға Ресейден, Қытайдан көптеген тауарлар әкелінеді, олардың жартысынан көбін отандық өндірушілерге шығаруға болады. Өкінішке қарай, ұзақ мерзімді келісімшарт жасау өте қиын. Мұны тек осы мәселемен айналысатын басшы ғана түсіне алады. Қазіргі уақытта бұл мәселелерді шешумен «Атамекен» ҰКП айналысады. Мен басшы ретінде үмітпен, сеніммен қараймын, барлық проблемалық мәселелер шешіледі. Ең бастысы, елімізде бейбіт өмір, ұлттар арасындағы келісім мен тұрақты экономикалық жағдай бар, – дейді ол.

Әрине, «Айтпаса сөздің атасы өледі». Тек тығырықтан шығар жолды нұсқар сауатты шешімдер керек. Меңзегені сол. Жас басшы, міне, осындай қиындық туындағанда ұсыныс-тілектерді жеткізер газеттің қоғамдағы атқарар рөлі маңызды екенін айтып, мұндағы жұмысшылардың сауатты, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуына ықпал жасар басылымға қолдау көрсететінін айтты.  

Бағдат ҚАРАСАЕВ,

Іле ауданының әкімі:

– Газет – қоғам айнасы, жақсылықтың жаршысы, күрделі мәселелердің шешілер түйіні, ақпарат көзі. Көшін алға жетелеген өркениетті елдің ең алдымен  қорғаны ақпарат болуы керек. Бүгін адамзат аламанында ақпарат майданы жүріп жатыр. Оның ішінде елді адастырар, жалған деректер таратар ақпарат көздері де жетіп артылады. Осы ретте ел сенімін арқалаған, Жетісудың тарихын жасап, өткенімен жалғастырып жатқан абыз басылым – «Жетісу» газетінің еңбегі толағай. Еліміздегі, соның ішінде жерұйық өлке – Жетісу жеріндегі атқарылып жатқан шаралардың бәрін оқып-біліп отырамыз. Оның үстіне аудан жұмыстарын көрсетуге де мүмкіндігіміз мол. Халықпен тікелей байланысқа шығамыз. Мәселелер шешіліп жатады. 90 жылдық мерейтойымызды алақайлатып айшықтап берді. Менің айқара бетке берілген сұхбатым жарияланды. Жалпы, Іледе «Жетісудың» оқырманы көп. Бұлай дейтінім, аудан тарихы тереңде жатыр. Мұнда өмірге келген ойшылдарымыз бен ел мақтаныштары қаншама? Өңір тұрғындары мәдениет пен руханиятқа жақын, ой-санасы жоғары, жан дүниесі бай. Енді ойлап көріңіз, газет қалайша оқылмайды? Апта басын газет оқумен бастаймыз. Әрине, бірінші назарымыз мемлекетіміз бен тұрып жатқан аймағымыздың жаңалықтарына түседі. Мұндағы ақпараттардың дұрыстығына көзіміз жететіндіктен кез келген сын-ескертпе болсын қабылдап, жұмыс жасаймыз. Бұл басылыммен жарасып, жаңғырып, әлі де талай бірлесіп еңбек етеміз деп ойлаймын. Мұнда қызмет етіп жатқан білімді, білікті, ойшыл азаматтарға алғысым мол.

ЖАРҚЫН БАСТАМАЛАР ЖАРШЫСЫ

Сапар бағыты бойынша Іле ауданында емдік табиғи минерал  – шунгит негізінде косметика өндіретін «Шугла Шунгит» ЖШС-не келдік. Әрине, осы мекеменің жұмысы  біздің оқырмандарымыз үшін қызықты әрі керекті ақпарат болары сөзсіз. Бүгінде  нәзік жандылар үшін сұлулық пен күтім индустриясы қарқын алып тұр.

Бізді мекеме директоры Дәулет Шаяхметов қарсы алды.  Ол кісі компанияның құрылу тарихы туралы қысқаша әңгімелеп берді.

– Біз Шығыс Қазақстан облысындағы кен орнынан шунгит пайдаланамыз және оның қоры ондаған жылға жетеді. Ал косметиканы пайдалы минерал негізінде өндіру идеясы біздің серіктесіміз, химия ғылымдарының докторы Сергей Ефремовқа тиесілі. Өндіріс кезінде біз шунгитте арнайы тазартылған суды пайдаланамыз, әрі қарай бұл пайдалы қасиеттерге бай су технологиялық тізбекте косметикалық өнімге айналады. Мұнда крем, сықпа май, сусабын сияқты қырық түрлі косметика өнімдері өндіріледі.

Дәулет Шаяхметов бұл шикізаттың тарихын айта келіп, көмірге ұқсас жылтыр шунгит тасын көрсетті. ХІХ ғасырда Ресей Карелиясында Шуньга өзенінің жағасында алғаш рет осы жерден өз атауын алған минерал табылған. Ол Карель шунгиті деп аталады. Шунгит тау жынысы, оның жасы 2 млрд. жылдан асады. Зерттеу кезінде медицина, өнеркәсіп, нанотехнологиялар, косметология салаларында қолданылатын көптеген бірегей қасиеттерге ие екені анықталды. Ғалымдар шунгиттің сүзгілерінің микробтарды өлтіріп және суды залалсыздандыратын қасиетін анықтаған. Көмір сүзгісі шунгит – электрдің керемет өткізгіші. Ал бұл минерал радиациядан қорғайды.

Серіктестік басшысы бізге, сондай-ақ, 50 миллион теңгеден астам қаражатқа жасалынар ғылыми-зерттеу жобасы жайлы айтты. Тапсырыс Еуропадан түспекші екен. Зауыт үшін басты мәселе – өндірісті кеңейту, өндіріс көлемін ұлғайту үшін жердің жетіспеушілігі, жаңа жұмыс орындарын құру.  Басшылық бұл мәселеде аудан мен облыс басшылығының оны шешуге ықпал ететініне сенім білдіреді.

Насихат жұмыстарын жандандырып, бұқара мен билік арасындағы алтынкөпірлік міндетті адал атқарып келе жатқан екі бірдей облыстық газет басшыларының ат басын бұрып, қызығушылық танытқандарына ризашылығын білдірген кәсіпорын жетекшілері жазылу науқанына мүмкіндігінше қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.

Мақпал МЫСА

Іле ауданы

Алматы облысы