КИНОТЕАТРЫ БАР ФЕРМА: АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ЕКІ ЗАМАНАУИ НЫСАН АШЫЛДЫ

Уақыты: 05.11.2019
Оқылды: 1678
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөлдің атымтайы атанған белгілі меценат, «ЖерСу» корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов өңіріміздің экономикалық өрістеуіне және кәсіпкерліктің дамуына, сондай-ақ, қосымша жұмыс орындарының ашылуына ұйытқы болып жүр. Соның бірі - Көлбай ет өңдеу цехі мен Арқарлы ауылдық округіндегі асыл тұқымды жылқы фермасының ашылуы.

Құмды аймақта қара шаңырағын тіктеген Арқарлы ауылдық округі негізінде төрт түлік төлін өрбітуге өте қолайлы келеді. Әсіресе, жылқы малын бағып-қағуға таптырмайды. Осы ретте Бауыржан Оспанов жалпы құны 988 миллион теңгені құрайтын асыл тұқымды жылқы фермасын ашуға дәл осы жерді таңдаған. Аталған нысанның құрылысы бар-жоғы 1 жылдың ішінде толықтай аяқталған.

Ферманың ашылу салтанатында алғы сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров: «Бүгін Алакөл ауданындағы үлкен қос қуаныш - ет өңдеу цехы мен асыл тұқымды жылқы фермасының ашылуына куә болып жатырмыз. Өздеріңіз көргендей бұл нысандар заман талабына, уақыт сұранысына сай салынған. Жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, осының арқасында талай азамат нәпақа тауып, отбасын асырауға, ел қатарлы қызмет етуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қанымызға сіңісті болған мал шаруашылығын, соның ішінде, жылқы төлінің санын еселеудің де жолы ашылып отыр», - деп өзінің құттықтауын жеткізді.

Аудан әкімі Әлібек Жақанбаев өңіріміздегі ауылшаруашылығының өркендеуіне үлкен серпін беріп отырған нысанның қуаттылығы жыл сайын артып, табысы еселене берсін деген ниетін жеткізсе, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров өзінің жүрекжарды лебізін ақтарып, жаңа нысанның сапарына сәттілік тіледі.

Келесі кезекте сөз алған Бауыржан Оспанов Қазақстанның түкпір-түкпірінде жері шұрайлы, шөбі шүйгін аймақтары көп болса да, туған жері, тұнған көлінің толқыны тулаған айдынды Алакөлде кәсібін дөңгелетіп, халықтың қамын ойлауды парызы деп түсінетіндігін айтып өтті.

Артынша дәмі кетпеген дәстүріміз бойынша ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, ақ сақалды қарттарымыз батасын беріп, ферманың лентасы қиылды.

Бір айта кетерлігі, мұнда жылы да жайлы баспаналар, демалыс орындары, балалар ойын алаңы, тіпті, жеке кинотеатры да бар. Құбыласынан жаңылмаған жандар үшін намазхана, рухани азықтың түпқазығы - қітапхана, асхана, сауна да осы жерден табылады. Керек-жарақтың барлығы қасында.

Ферманың жалпы жер аумағы 140 мың гектарды құрайды. Қуаттылығы - 20 мың бас. Жаңа нысанның арқасында 56 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ мұндағы асыл тұқымды жылқыларды бақылап отыру үшін арнайы GPS қондырғылары орнатылған. Бұл адасқан малдың орналасқан жерін анықтауға яки ұры-қарылардың қолына түссе жылдам әрекет етуге өте қолайлы.

* * *

Екінші нысан - Көлбай ауылдық округіндегі ет өңдеу цехі. Бұл жобаның құны 835 миллион теңге. Жылдық қуаттылығы - 1800 бас. Күніне 60 бас мал сойылып, 30 тонна шұжық, консервіленген және өңделген ет өнімдері шығарылады. «Бүгінгі таңда австриялық және еуропалық асыл тұқымды ірі қара түрлері бордақыланып, шұжық өнімдерінің 30 түрі шығарылып, өндіріліп жатыр. Барлығы да халал стандарты бойынша дайындалады. Өнімдер таза әрі сапалы технология бойынша әзірленуде», - дейді өндіріс технологы Дәурен Оспанов.

Қазіргі таңда цехта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұндағы өнімдер облыс аумағына және Алматы қаласына жөнелтілуде. Алдағы уақытта сапалы өнім түрлерін шетелге шығару жоспарланған.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы