"АУРУХАНАНЫ ҚАЛДЫРСЫН": ЛЕПСІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Уақыты: 08.11.2019
Оқылды: 1071
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылында аурухана жабылуы мүмкін. Бұл туралы "Qazaqstan" ұлттық арнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қуаныш Қанатұлы дайындаған бейнематериалда көрсетілді.

Телеарнада көрсетілген материалда егер емдеу мекемесі жұмысын тоқтатса, тұрғындар Талдықорғанға немесе Сарқан қаласына сабылатындығы айтылған. Ал Лепсі облыс орталығынан 180, Сарқан қаласынан 220 шақырым қашықтықта жатыр. Қазір мұнда кезінде ауыл халқын жұмыспен қамтыған кәсіпорындар да жоқ. Жағдай бұлай кете берсе, елді мекендегі жалғыз мектеп те жабылып қалу қаупі бар. Шалғайдағы ауылдың жай-күйін біліп қайтқан Қуаныш Қанатұлы өңірдегі өзекті мәселенің бірін көтеріп, ауыл тұрғындарынан және аурухана меңгерушісінен пікір алған.

Мәселен, Лепсі ауылының тұрғыны Жайдар Қалыбаева: "Баталовқа елдің бәрі жазылып, кіріп жатыр екен ғой. Мен де жазылып кірем де, жағдайымды айтамын. Аурухананы қалдырсын", - десе, Әнияш Иманбаева: "Талдықорғанға такси жүргізушілер арқылы мына банк картасын беріп жіберіп, жалақымызды алып отырамыз. Таңартең беріп, түстен кейін осылар аман-есен ақшамызды әкеліп берсе екен деп. Оның бәріне ақша пұлын төлейміз", - деп қордаланған шағымын жеткізді.

Бірақ аудандағы жауапты тұлғалар аурухана жабылмайтынын, ауылдық амбулатория деңгейіне қысқаруы мүмкін екендігін айтқан. Себебі, аурухана талап бойынша 10 мың тұрғыны бар елді мекендерде ғана жұмыс істейтін көрінеді.

Лепсі ауылдық аурухана меңгерушісі Жанар Мусинаның өзі болса, халық санының аздығына байланысты реорганизация болып жатқанын тілге тиек етті.

Қазіргі таңда емдеу мекемесі қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыруда. Бейнематериалда Лепсідегі банкомат мәселесі де көтерілді. Мұның себебі жергілікті полицияның кезекші бөлімі қысқарғандықтан, банкомат та жұмысын тоқтатқандығында болып отыр. Банкомат полиция ғимаратына жапсарлас орнатылған. Қазіргі таңда аудан әкімшілігі банк басшыларымен келіссөз жүргізіп, мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастыруда.

Айта кетейік, Бөрлітөбе ауданы осыдан 22 жыл бұрын қысқарып, Сарқан ауданымен біріктірілген. Содан бері Лепсі тұрғындарының еңсесі түсіп, берекесі қашқан. Жыл сайын бір мекеме жабылып, тұрғындардың біраз бөлігі жақсы өмір іздеп қалаға көшкен. Бейнематериалда ауруханамыз жабылғалы жатыр деп дабыл қаққан ауыл тұрғындарының жанайқайы көрсетілген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды