Алматы қаласының іргесіндегі Бәйтерек ауылында үй өртеніп, үш адам көз жұмды.
Қайғылы оқиға 16 қараша күні, сағат 00.48 кезінде болған. Өртке қарсы қызмет пультіне Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылының «Труженник» саяжайында екіқабатты жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенше, үй толығымен жанып кеткен.
Бұл туралы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Сағат түнгі 02:36 кезінде өрт сөндірілген. Тілсіз жау 240 шаршы метр аумақты шарпыған. «Үйінділерді тексеру барысында өрт орнынан денесі жартылай күйіп кеткен үш адамның, 1985 жылы туған әйел мен оның 2008 және 2014 жылғы екі баласының мәйіті табылды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - делінген хабарламада.
Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан 14 адам мен 3 арнайы техника жұмылдырылды.
"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"
Сурет ғаламтордан алынды