"ШЕШІМ ӘЛІ ҚАБЫЛДАНҒАН ЖОҚ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ МУЗЫКАЛЫҚ МЕКТЕПКЕ ҚАТЫСТЫ ОЙЫН АЙТТЫ

Уақыты: 20.11.2019
Оқылды: 840
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорғандағы Нұрғиса Тілендиев атындағы музыкалық мектептің жекеге өтуіне қатысты пікір білдірді.

«Мектептер жекеменшікке берілмейтінін кім айтты? Әзірге ешкімге берілген жоқ. Тек (Н.Тілендиев атындағы саз мектебі) сенімгерлік басқаруға берілуде. Жұмыстар әлі жүріп жатыр. Шешім әлі қабылданған жоқ», - деді Амандық Баталов елордадағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте.

Аймақ басшысының айтуынша, бұл мектеп жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін құрал-жабдықтар жаңаланып, ұстаздардың жалақысын көтеру сынды мәселелер де шешімін табады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында Нұрғиса Тілендиев атындағы саз мектебінің ұстаздары мекеменің жекеге өткенін білмей қалғанын айтып, наразылық білдірген еді. Олардың сөзінше, мекеме директоры сенімгерлік басқаруға беру шешімін ұжыммен ақылдаспай қабылдаған. Ұстаздар өнер ордасы жекенің қолына өткеннен кейін төлемақысы бірден көтеріліп, талантты балалардың үйірмелерге қатысуға мүмкіндіктері болмай қалатынына алаңдаулы. Артынша мұғалімдер де жұмыссыз қалады болжам жасалып отыр.

"ҚАЗАҚПАРАТ"

Нұр-Сұлтан қаласы