МӘСЕЛЕ ШАШ-ЕТЕКТЕН: ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 21.11.2019
Оқылды: 1829
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінгі Бірыңғай (Ұлттық) азаматтарды қабылдау күні аясында Талғар ауданының әкімі Жолан ОМАРОВ жұртшылықты қабылдады. Алдын ала қабылдау жасайтындығы жөнінде күні бұрын құлағдар етілген болатын. Нәтижесінде, әкімнің алдына барып, арыз-арман, өтініш-тілегін айтуға ниеттенген 140-қа таяу азамат жазылып қойды.

Қытымыр қыстың алғашқы ақ қар, ызғырығына қарамастан аудан әкімдігін бетке алған азаматтар легі бір толастамады. Азаматтарды қабылдауға аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары түгелге дерлік қатысты.

Таңғы сағат 9-дан басталған аудан әкімінің қабылдауына түске дейін барлық округтерден және Талғар қаласынан 60 азамат кіріп, өздерін толғандырып жүрген мәселелермен бөлісті.

Мәселен, Еңбекші ауылынан келген Дәкен ата Созақбаев бастаған тұрғындар ауызсу мен құжаттандырудағы қиындықтар жайын сөз етсе, ауыл белсендісі Біржан Есниязов ұры-қарының өршіп тұрғандығын, қорадағы 20 шақты ірі қараны қолды еткендердің ізін суытып, бірде-бірінің ісі ашылмауына қынжылысын білдірді. Сондай-ақ, трансформаторлар жайы да тұрғындарды титықтатып тұрған өзекті мәселе екендігін ортаға салды.

Одан кейінгі кезекте «Мелиоратор» ықшамауданындағы көпқабатты пәтер иелері кооперативінің төрайымы Любовь Вербицская жаяу жүргіншілер жолы, жарық пен газ мәселесіне қатысты бірқатар проблемалардың туындап отырғаны жайлы сөз етті.

Қарабұлақтық зейнеткер Оралхан Рахымбаева апа жетім баласына жер сұрап келсе, 517-ші кезекте тұрған көпбалалы ана да баспаналы болу – басты арманы екендігін айтты. Тізбелей берсек, әлеуметтің әлеуетін жақсарту мен жеке проблемаларына қатысты мәселе шаш-етектен.

Тіршілік барда проблеманың түгесілмесі анық. Десе де, халықтың жайлы тұрмыс, бақуатты тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасап, жол, жарық, ауызсу мәселелеріндегі қиындықтар күрмеуін тарқатуда билік өкілдеріне зор үміт артатындардың аузынан: «Біз сізге сенеміз!» - деген сөз жиі естілді. Демек, елдің сеніміне селкеу түсірмей, күрмеуі қиын мәселелерінің түйінін тарқатып, шешу жолында нақты іс-қимыл мен тиянақты жұмыс жасау қажеттігін аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлы жақсы біледі. Сол жолда жан-жақты шаруалар атқарылып жатқандығы жайлы түсіндірген әкім өз ұжымына айтылған ұсыныс-тілектердің аяқсыз қалмауын қадап тапсырды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өз кезегінде аудан басшысы жалаң сөзден – нақты іске көшу басты міндет екендігін де айрықша атады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы