АЛМАТЫ: ТАҒЫ БІР ҒАЛЫМНЫҢ АТЫНАН АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ

Уақыты: 25.11.2019
Оқылды: 1624
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің IT технологиялар, автоматтандыру және агроөнеркәсіптік кешенін механизациялау факультетінде көрнекті ғалым Бағытжан Дүйсенұлы атындағы зертханалық аудитория ашылды.

Бағытжан Дүйсенов 1966 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының ауылшаруашылығын механикаландыру факультетін үздік дипломмен бітірген. 1972 жылдан техника ғылымының кандидаты, доцент болды. 1997 жылы оған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры академиялық атағы берілді. Кейін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 1967 жылдан қызмет етті.

Осы жылдар арасында ол «Сызба геометрия және инженерлік графика», «Механизмдер мен машиналар теориясы», «Механика және машинатану негіздері» кафедраларының меңгерушісі, факультет деканының орынбасары қызметтерін атқарып, депутаттыққа да сайланды. Инженерлік сала бойынша оқу-ғылыми-әдістемелік орталығының проректоры, оқу-әдістемелік жұмыс бойынша проректор, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің инженерлік оқу-ғылыми-өндірістік кешені жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарды.

1998 жылдың сәуір айынан бастап университетіміздің оқу-әдістемелік жұмысы бойынша проректоры және кафедра профессоры болып жұмыс істеді. Б.Дүйсеновтің студенттердің оқудағы жетістіктерін бағалайтын рейтинг жүйесін енгізуде, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын дайындауда сіңірген еңбегі зор. Республиканың профессор-оқытушылар құрамы арасында алғашқы болып Б.Дүйсенов пәндердің оқу-әдістемелік құралдарын және тәжірибелік-практикалық сабақтардың деңгейін анықтап, бағалау мақсатында жүргізілетін аттестаттаудың жалпы қағидалары мен оның әдістемесін ұсынды.

Жаңа зертханалық аудиторияның тұсаукесеріне университетіміздің ректоры Тілектес Есполов, оқытушы-профессорлар, Бағытжан Дүйсенұлының әріптес-замандастары, белгілі ғалымдар қатысты. Жиынды ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов ашып, жүргізіп, марқұмның ғылым жолында атқарған елеулі еңбектеріне тоқталды.

Шарада Рақымжан Елешев, Асылбек Іңкәрбеков сынды ақсақал ғалымдар естеліктер айтып, зертхана жұмысына табыс тіледі. Бағытжан Дүйсенұлының аяулы жары Салиха Өмірзаққызы университет басшылығы мен факультет ұжымына ерекше алғысын білдірді.

Бағытжан Дүйсенұлы білікті маман, болмысы бекзат азамат, шәкірттеріне қамқор, ұлағатты ұстаз болатын. Оның университет дамуына қосқан үлесі мол. Бүгінде ағамыздың соңынан саналы ұрпағы, білімді шәкірттері қалды.  Біздің болашақ жастарымыз осы зертханада білімдерін жетілдіріп, білікті маман болып шығып, қазақтай текті елімізге, киелі жерімізге еңбек етеді деп сенемін.

Жанаргүл МАХАТОВА,

ҚазҰАУ механика және ауылшаруашылық техникасын құрылымдау кафедрасының меңгерушісі,

техника ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор