"СЕГІЗ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ": ҚАРУ ТАПСЫРҒАНДАРҒА СЫЙАҚЫ БЕРІЛДІ

Уақыты: 08.12.2019
Оқылды: 1523
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Учаске» республикалық жедел алдын алу іс шарасы барысында Алматы облысының полицейлері қаруды тіркеу және оны сақтау ережесін бұзған 385 тұлғаны анықтады. Оның 211-і қаруды сақтау тәртібін бұзса, 174 тұлға қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта тіркеу талабын орындамаған. Сонымен қатар, іс-шара барысында қару-жарақтың заңсыз айналымынан 15 қару тәркіленді.

Облыстық полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, өңірде жыл басынан бері 574 әртүрлі қару тәркіленген. Оның ішінде 36 ойық ұңғылы мылтық, 405 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы және электрлік, газ және травматикалық қару түрлері бар. Сондай-ақ, ішкі істер органдарында тіркелмеген 136 қару табылды. Биыл азаматтық және қызметтік қару-жарақ айналымының тәртібін бұзған 1700 жуық азамат әкімшіліқ жауапкершілікке тартылды.

«Қаруларды сақтау және сату мен сатып алуға қатысты заң талаптарының орындалуын бақылау мақсатында биыл «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы 4 мәрте өткізілді. Осы шаралар барысында 700-ден астам әртүрлі құқық бұзушылықтар анықталды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аталған кемшіліктер түзетіліп, айыпты тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылды. Қару-жарақты заңсыз сақтаған екі тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды», - деп толықтырды полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.

Азаматтардан қару түрлері мен жарылғыш заттарды сатып алу бағдарламасы бойынша биыл полицияға 96 адам өтініш білдіріп, 147 дана қаруды тапсырған. Аталған азаматтар тапсырған қарулары үшін 8 миллион теңгеден астам сыйақы алды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды