"ДОМБЫРА МЕН ҚОБЫЗДЫҢ ҚОСЫНДЫСЫ": ШЕРТЕР ЖАЙЛЫ СЫР ШЕРТСЕК

Уақыты: 09.12.2019
Оқылды: 1871
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Халқымыздың байлықтарының бірі – саз аспаптары. Ұлттық аспап туралы сөз қозғағанда бірінші кезекте домбыра, қобыз ойымызға оралады. Одан басқа да аспаптарымыз жетерлік. Соның бірі – шертер.

Бұл аспапты орындаушылар қатары аз болғандықтан ба, көпшілік шертер туралы біле бермейді. Осыған орай Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінде шертер аспабын насихаттау мақсатында дәріс-концерт өтті.

Шараны «Мерей» фольклорлық ансамблі Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» күйімен ашты. Алғашқы болып сөз алған колледждегі қазақ халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі Ғайниса Нұрсейітова осыдан үш жыл бұрын шертер сыныбы ашылғанымен оны көпшіліктің біле бермейтіндігі туралы айта келіп, аталмыш аспапты зерттеп, халыққа мұра етіп қалдыруда ғалым Болат Сарыбаевтың еңбегінің зор екенін атап өтті.

Бұдан соң колледж студенттері Назерке Дәулетханова, Айдана Байтілеуова, Айжан Дүйсентаева баяндама оқып, шертер аспабының қыр-сырына қанықтырды.

Шертер сыныбының оқытушысы Айбол Құдайбергенов те аспап туралы сыр шертіп:

– Шертер үш ішекті, шертіп ойналатын аспап. Ол домбыра мен қобыздың қосындысы іспетті. Оған дәлел – оны шертіп те, қияқпен ысып та ойнауға болатыны. Дәлірек айтсақ, домбыра мен қобыздың атасы. Бірінші шертер, одан соң домбыра мен қобыз аспаптары пайда болған. Ертеректе шертерді шертіп те, қияқпен ысып та ойнаған. Ал қазір қобыздан негізгі айырмашылығы – ойнау тәсілінде. Қобызды ысқыштың көмегімен, ал шертерді саусақпен шертіп, қағып ойнайды, – дей келе, шәкірттерімен бірге аспапта ойнап, оның өзге аспаптардан ерекшелігін, үнінің әуезділін паш етті.

Шараны қорытындылаған колледж директоры Әділхан Адырбаев кешті ұйымдастырушы Айбол Құдайбергеновке шәкірттері биік шыңнан көрінсін деген тілегін жеткізіп, Алғыс хат табыс етті.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы