"ҮШ НӘРСЕНІ ТҮСІНДІМ": БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК ТУҒАН КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУШЫЛАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ

Уақыты: 09.12.2019
Оқылды: 3056
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін, яғни, 9 желтоқсан - белгілі тележурналист, Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен ҚҰРАНБЕКТІҢ туған күні. Осыған орай әлеуметтік желіде бірге түскен фотоларын салып, ақ тілектерін ақтарысқан ағайында есеп жоқ. "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламалары арқылы талайдың алғысын арқалаған журналист туған күнімен құттықтап, тілек жазғандарға "Facebook" парақшасы арқылы рахмет айтып, арнайы пост жазды.

"Білу - бөлек , түсіну - басқа. Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім, - деп жазады Бейсен Құранбек әлеуметтік желі арқылы. - Бірінші, ұстазым жиі айтатын "бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол - ниеттің, тілектің, батаның күші" деген сөздің рас екенін. Екінші, халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым. Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған "Байлық - қолға ұстаған мұз, Бақыт - басқа қонған құс, Бала - артта қалар із, бұл өмірдің қызығы - Сіз бен Біз" деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім.

Менің ешқандай "заслугам" жоқ туған күнімде ақжарма тілегін ақтарған баршаңызға мың қайтара алғыс айта отырып, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, денсаулықтың қадірін біліп, бір-бірімізді шын көңілмен құрметтей білейікші дегім келеді. Бар болыңыздар!!!"

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"