"САМҒАУ-2019": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 11.12.2019
Оқылды: 2333
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда Алматы облысы әкімінің журналистерге арналған премиясы - дәстүрлі «Самғау» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Журналист мерейі өссе – халыққа құт. Бүгінгі баспасөздің басты борышы көптің көкейіндегі ойды тамыршыдай дөп баса білуде жатыр. Онысы отаншылдық пен опагерлікке ұйытар көркем аңсардан туған мәйекті мақалалардың жемісі болса керек. Міне, журналистік міндетімізді мінсіз атқаруға тырысып, Б.Римова атындағы саф өнердің сарайында дос көңіл, хош пейіл, лала лебізге толы аймақтық журналистердің дәстүрлі мерекесі аталып өткенін тағы да барша жұртқа жып-жинақы мақала етіп жариялап отырмыз.

Сәл кідіріп, ақпарат айдынында құлаш сермеп келе жатқан жүлделі журналистерге бажайлай қарасаң, жүздерінде нұр ойнағанын аңдау қиын емес. Жылына бір рет өтетін дүбірлі додада топ жарып, аймақ басшысының қолынан сыйлық алып жатса, көңілі дарқан әріптестеріміз қалайша толқымасын деп түйдік.

Көп өтпей толқыған теңіздің асау толқынындай күй кешкен журналистерді марапаттаудың сәті жетті. Алқалы жиынның шымылдығы "Кazakh Guartet" тобының орындауындағы әйгілі классикалық шығармалармен ашылды. Алғашқы сөзді облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ алды.

– Мен іссапармен қайда барсам да, алдымнан шыққан азаматтар Жетісуды мақтай жөнеледі. Жерұйық мекеннің тұмса табиғатын, зәулім ғимараттарын айтады. Мұның бәрі журналистер - сіздердің арқаларыңыз. Себебі, сіздер жұрттың жағдайын басты назарда ұстап, халыққа жеткізіп отырасыздар. Мен үнемі таңертең үстел үстіне қойылған газет-журналдарды оқып шығамын. Кешкі жаңалықтарды да қалдырмаймын. Егер күрделі мәселелерді байқасам, бірден шешу жолдарын іздеймін. Егемен еліміздің жарқын жетістіктері мен толайым табыстары әрбір азаматтың көңіліне қуаныш сыйлайды. Ал сол жетістіктерге жетісулықтардың да қосқан үлесі зор. Біз мәдениет, әдебиет, әлеумет, экономика сынды сан сала бойынша толымды көрсеткіш көрсетіп келеміз. Талдықорған шаһары көрсе көз тоймайтын келбетті қалаға айналды. Құрылыс саласы жанданып, не түрлі әсем ғимараттар сап түзеді. Бұл - сіздер мен біздің ортақ жеңісіміз. Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! – дей келе, ақпарат айдынында жемісті желкен көтеріп келе жатқан журналистер қауымына мерекелік басқосуды пайдаланып, ақ алғысын білдірді. Сонымен қатар, жылдың жайдары жаңалықтарын атап өтті. Сөз орайы келгенде өңіріміздегі әдебиет саласында жүрген қаламгерлердің де жарқын жеңістерін жетісулықтардың ортақ қуанышы екенін әңгімеледі. Бұдан бөлек, желілік басылымдарды да оқып отыратынын, облыста кейбір өзекті мәселелерді алдымен журналистердің материалынан оқып-біліп, көретінін, шешімі таппаған дүниелерді үнемі назарда ұстайтынын айтып берді. Әлеуметтік желілерді күнделікті қарап, "Tengrinews", "Nur.kz" секілді ақпараттық сайттарға көз жүгіртіп, облыс туралы шыққан жаңалықтарға арнайы белгі қойып, сала мамандарына тиісті тапсырмалар беретінін де жасырмады.

Аймақ басшысының ақжарма сөзінен кейін марапаттау рәсімі басталды. Өңіріміздегі журналистер үшін жылдың басты сыйлығы саналар «Самғау» байқауы 11 аталым бойынша өтті. Аталған байқауға Жетісудағы журналистерден 145 өтінім қабылданған. Дегенмен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар саналғандар санатында бұқаралық ақпарат құралдары саласының 33 қызметкері бой көрсетті.

Атап айтсақ, «Баспа басылымының ең үздік дизайны, инфографика» аталымы бойынша қалалық «Талдықорған» газетінің беттеушісі Айжан Сәдуақасова жеңімпаз деп танылды. Ал «Үздік бейнеклип өңдеуші (монтаж)» аталымы бойынша «Жетісу» телеарнасының режиссері Шалқар Құсайынов 1-орын иегері атанса, «Үздік облыстық Vlog немесе үздік блогер» номинациясының жеңімпазы болып Сандуғаш Дүйсенова танылды.

«Үздік желілік басылым» аталымы бойынша Ognialatay.kz сайтының веб-редакторы Александр Склабовский, «Үздік тілші» аталымы бойынша Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Зейнегүл Жұмабекова, «Үздік фотосуретші» аталымы бойынша «Рухани жаңғыру» фотогалереясы үшін Жеңіс Ысқабай жеңімпаздар қатарынан көрінді. Сонымен қатар, «Үздік оператор» атылымы бойынша «Жетісу» телеарнасының операторы Айдос Қалиев оза шапты. Ал «Үздік журналист» аталымы бойынша "Ұлттық код: кітап, музей, театр" атты мақаласы үшін облыстық "Жетісу" газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев 1-орын алды.

«Үздік тележурналист» номинациясы бойынша облыстық «Жетісу» телеарнасының редакторы Мадина Айтқалиқызы, «Үздік республикалық (халықаралық) тілші» аталымы бойынша «Хабар» арнасында шыққан «7 граней великой степи – новые сведения о золотом человеке» сюжеті үшін Әділхан Сахариев жеңімпаз болды. «Облыстық журналистика саласына қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша журналистика саласында 45 жыл еңбек еткені үшін, 10 мыңнан астам репортаж бен хабарлар авторы, Қазақстанның кешегі және қазіргі телевизия тарихында табан аудармастан 25 жыл бойы жаңалықтар редакциясында репортер болып қызмет еткен журналист, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Республикалық «Нұр Сұңқар» сыйлығының лауреаты, Алматы облысының Құрметті азаматы Тілеуқабыл Мыңжасар марапатталды.

Айта кетерлігі, ғасыр асқан "Жетісу" газетінің де биыл бағы жанып, мәртебесі өсті. Олай дейтініміз, ата басылымның бірқатар қызметкері «Самғау» байқауының жүлделі орындарын иеленді. Мәселен, «Үздік желілік басылым» аталымы бойынша «Жетісу» газеті сайтының веб-редакторы Қуаныш Тұнғатар, «Үздік фотосуретші» аталымы бойынша аға фототілшіміз Жұмабай Мұсабеков жүлделі 2-орын иегелері деп танылды. Оған қоса, «Баспа басылымның үздік дизайны, инфографика» номинациясының 2-орнын газетіміздің беттеуші-дизайнері Мөлдір Мұраталинова алса, 3-ші тұғырдан Роза Жексенбекова көрінді. Ал "Үздік республикалық (халықаралық) тілші» бойынша әріптесіміз Қажет Андас 2-орын жеңімпазы атанды. Байқаудың үздік үштігінен көрінген жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлық берілді.

Шырайлы кеш барысында ардагер Тілеуқабыл Мыңжасар сөз алып, облысымызды биік белестерге бастап келе жатқан облыс басшысы Амандық Баталовқа деген алғысын білдірді. Сонымен қатар, халық пен билік арасына алтын көпір болған журналистердің жауапкершілік жүгі ауыр, өтемі күшті екенін тілге тиек етіп, Жетісу топырағындағы тілшілер қауымының шығармашылықтарына табыс тіледі. Ары қарай айтулы шара эстрада жұлдыздарының арнайы концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Білу бар да, айту бар. Бұқараның бөтегесінде бүгіп жатқан сан қилы дүниелерді мінбедегілерге жеткізуді мақсат еткен БАҚ өкілдерінің еңбегі ерен. Әлемдік өркениет көшіне қосылған ел ретінде дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарға пікір қосып, пайым илеуінен өткізетін жансебіл жандардың жетістіктері мұнымен шектеліп қалмақ емес. Келесі жылы да ойға сүйек, тілге тиек болатын мезгілді мәселелер көтеріп, журналистік зерттеуімен билік пен халық арасына жол салған талай тілшінің томағасы ағытылары сөзсіз.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Фото - Айдын НҰРШАНОВ

Алматы облысы