"АТЫҢДАР!" БАЛАБАҚШАДАҒЫ ҚОЙЫЛЫМ БҮКІЛ ЕЛДІ ШОШЫТТЫ

Уақыты: 14.12.2019
Оқылды: 1690
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдыбұлақ ауылында «Балбұтақ» жекеменшік балабақшасындағы тәрбиешілердің басы дауға қалды. Олар әлі оң-солын танымаған бүлдіршіндерге Желтоқсан көтерілісі кезіндегі әскерилер мен алаңға шыққан студенттердің рөлін сомдатқан. Тіпті, балақайлардың қолына ойыншық қарулар ұстатып, ұрансөз жазылған транспарант берген. Көріністе сондай-ақ балақайлар бір-бірін ұрып-соғып, құлатады және "Колбин, кет" деп айқайлайды.

Ең қорқыныштысы, камераға түсіріп тұрған адам бүлдіршіндерге "Атыңдар!" деп бұйрық береді.

Желтоқсан оқиғасына қатысты балабақшада ұйымдастырылған осы ертеңгіліктің бейнематериалы тез тарап, көптің талқылауына түсті.

Осы жайтқа байланысты Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов жауап берді. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында бейнеде көрсетілен бағыттағы іс-шаралар қарастырылмаған және де ондай шараларды жүргізуге жол берілмейді. Бұл - жекеменшік балабақшаның өзіндік әуесқойлық қойылымы. Қазіргі таңда балабақша құрылтайшысы мен әдіскері Талғар аудандық білім бөліміне түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін шақырылды. Сондай-ақ, өз тарапымнан, осындай іс-әрекетке жол берілмеуі керектігі туралы және осындай іс-әрекеттерге жол берген осы адамдарға ең қатаң жазалау шаралары қолданылатын мәлімдеймін», - деп жазды Дәурен Жүнісов желідегі парақшасында.

Атышулы мәселеге қатысты Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел де түсініктеме беріп, Талғар аудандық білім бөлімінің басшылығына шара қолданылатынын айтты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Талғар ауданы,

Алматы облысы