ҰШАҚ АПАТЫ: ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚТАР БАУЫРЖАН ҚАЛИЕВТІҢ ЖАНАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 29.12.2019
Оқылды: 3178
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Күллі Қазақстанның қабырғасын қайыстырған қаралы оқиға – «Bek Air» ұшағының апатынан қаза тапқан Бауыржан Қалиевтің жаназа намазына облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, ата-анасына, бала-шағасына, ағайын-туысына көңіл айтты.

- Құрметті қауым! Бауыржан бауырымыздың қазасы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Оның соңында қалған ата-анасына, ағайын-туысына, бала-шағасына қайғырып, көңіл айтамын. Ұшақ апатының орын алуы күллі еліміз үшін ауыр соқты. Марқұм иманды болсын! Елімізде ендігәрі мұндай апаттар болмасын, ата-аналар мен балалар жыламасын! Қазаның арты қайырлы болсын, – деген аймақ басшысы көппен бірге жаназа намазын оқып, марқұмның жерлеуіне қатысты.

Талдықорған қаласында 1979 жылы 29 қаңтарда дүниеге келіп, қалалық ішкі істер басқармасында еңбек жолын бастаған марқұмның сүйегі туған жеріне жерленді.

Нағашы жеңгесі Жұмабике Есенбаеваның айтуынша, ағайын-туысқа жанашырлықты, жора-жолдасына адалдықты көрсетіп, отбасына қамқорлығын аямаған Бауыржан Серікұлы елге көпшілдігімен танылған. Сонымен қатар, бала-шағасының болашағы үшін алаңдап, қолынан келген еңбекті аянбай атқарған.

Тәртіп сақшысы қызметін абыроймен атқарған ол биыл шілде айында ғана Алматы қаласында орналасқан «Eurasia Trade Line» ЖШС-нің операциялық директор лауазымына тағайындалған болатын. Еліміз бойынша және көршілес мемлекеттерге жүк тасымалдаумен айналысқан жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұжымына аз уақыттың ішінде сіңісіп, әріптестерінің құрметіне бөленуі оның өз жұмысын беріліп, адал атқарғанын көрсетеді.

Қырық жасында бақилық болған Бауыржан Қалиевтің артында әке-шешесі, туған әпкесі, әйелі мен үш баласы қалды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы