ІЛЕ АУДАНЫНДА ҮЙІ ӨРТЕНГЕН ОТБАСЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 13.01.2020
Оқылды: 1210
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле ауданында үйі өртеніп, баспанасыз қалған отбасыға көмек қолы созылды.

Қаңтар айының 12-нен 13-не қарған түні таңғы сағат 3-те Іле ауданы, Байсерке ауылы, Набережная көшесінде орналасқан үй қызыл жалынға оранды. Электр тогының тұйықталуынан үйде өрт шықты. Өрт құрсауында қалған нысан "Алатау Жарық Компаниясына" (АЖК) тиесілі қызметтік үй-жай болатын.

Бұл баспананың салынғанына 60 жыл болған. Ағаш үйдің жалпы ауданы - 70 шаршы метр. Осы үйде "Алатау Жарық Компаниясының" (АЖК) қызметкері, 1976 жылдың тумасы, №60 қосалқы стансының кезекшісі Дәулет Сарбасов тұрған.

Отбасында өзі, жұбайы мен 3 баласы бар. Төтенше жағдай орын алған жерге Байсерке ауылдық округі әкімі Т.Көпбаев барды. Өрттен зардап шеккен отбасыға көмек қолын созу үшін арнайы комиссия құрылған. Комиссия мүшелері аталған отбасын уақытша тұру үшін пәтерге орналастырып, қажетті азық-түлікпен, керек киім-кешекпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, мектеп жасындағы балаларын білім ошағында тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапты. Тағы да айта кетерлігі, жалпы көлемі 60 мың теңгеге жаңадан заттар алып, 50 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"