"ТӘРКІЛЕЙМІЗ!" ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЗАҢСЫЗ САУДА НҮКТЕЛЕРІ СҮРІЛДІ

Уақыты: 14.01.2020
Оқылды: 1023
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласы әкімдігінің қызметкерлері жабайы сауданың алдын алу мақсатында сатушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Артынша белгіленбеген жерде сауда жасап, тәртіп бұзған сатушылардың орындары тазаланды. Бұл жайында www.taldykorgan-online.kz жазды.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлының айтуынша, саудагерлер базар маңындағы адамдар жүретін жолдың басым бөлігін бөгеп тастаған. Яғни, мұның барлығы заңға қайшы дейді әкімдіктегілер.

- Біз кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп, алдымен заңсыз сауда жасағандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-бабы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Оларға егер бұл ескерту еленбесе, заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатындарын айттық. Сондай-ақ, берілген уақыт ішінде жол бойында тұрған қорап, орындық, шатыр сынды барлық заттар алынбаған жағдайда оларды тәркілейтінімізді түсіндірдік, - деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы.

Алайда жол үстінде тұрып, кәсібін оңай жолмен дөңгелетіп үйреніп қалғандардың басым бөлігі жоғарыда аталған ескертуді елемеді. Араларында тіпті қарсылық танытқандары да болды. Осыдан кейін арнайы мамандар араға уақыт салып, сатушылардың заттарын көлікке тиеп алып кетті. Нәтижесінде, қазір орталық базар көшелері жабайы саудадан біржола тазартылды.

Бұл жайында Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы "Facebook" парақшасына фотолар салып, жабайы сауда нүктелерімен күрес қалай жүргізілгенін көрсететін бейнематериал жүктеді. Онда сауда жасап жүргендердің қарсылығы, айқай-шуы анық байқалады. Сауда жасаушылардың бірі тауар салатын жәшіктерді арнайы көлікке тиеуге қарсылық танытып, құзырлы мекеме өкілдеріне дауыс көтереді. "Салмаңдар. Тоқтатыңдар. Халықты ашындырып біттіңдер ғой", - деп айқайлайды.

Әлеуметтік желіде пікір білдірушілердің бір тобы бұл бастаманы қолдаса, енді бірі: "Сауда жасайтын заңды басқа орын ұсындыңыздар ма?" - деген сауал тастайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы