"БЕТІН КҮЙІК ШАЛДЫ": "ДӘУЛЕТ" САУДА ҮЙІНДЕГІ ӨРТТЕН БІР АДАМ ЖАРАҚАТТАНДЫ

Уақыты: 20.01.2020
Оқылды: 892
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Талдықорғандағы «Дәулет» сауда орталығында өрт шықты. Бұл туралы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сағат 14:31-де облыстық департаментке өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Тілсіз жау 39 өрт сөндіруші, 11 арнайы техника жұмылдырылғанның арқасында ауыздықталды. Өртті сөндіру жұмысы сағат 14:54-те аяқталды. Жалпы 60 шаршы метр аумақ өртенді. Өрт салдарынан 1981 жылғы 1 тұрғын жарақат алып, Алматы облыстық ауруханасына жеткізілді. Жалын нан және бәліш пісіретін пластикалық дүңгіршектен шыққан.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға түскен тұрғынның денсаулығы тұрақты бақылауда. Бетінінің 3 пайызын, білегінің 1,5 пайызын күйік шалған. Қазіргі таңда өрттің неден шыққанын мамандар анықтап жатыр.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы