"ЖАРТЫ ЖЫЛ ТЕГІН": ЖАБАЙЫ САУДА ИЕЛЕРІ ЖАҢА БАЗАРҒА КӨШЕДІ

Уақыты: 21.01.2020
Оқылды: 1449
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандағы Гауһар ана мен Абай көшесінің қиылысындағы уақытша автотұрақ әмбебап базар болады. Бұл жерде енді жеміс-жидек, азық-түлік өнімдері, сусындар, киімдер сатылады. Орталық базар маңында, жол бойында заңсыз сауда-саттықпен айналысқан барлық саудагерді осы жерге көшіру жоспарланған. Бұл туралы Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр ҚАНАТҰЛЫ өзінің «Facebook» парақшасында мәлімдеді.

Баспасөз хатшысының айтуынша, сатушылардың көпшілігі бұл бастамаға өз келісімін берген.

Жер Талдықорған қалалық әкімдігіне тиесілі. Алғашқы жартыжылдықта сатушылардан ешқандай жалдау ақысы сұралмайды. Тек коммуналдық қызмет пен күзетші, аула сыпырушысының қызметін ғана төлейді.

Жаңа орында сатушылардың заттарын қоятын үш тонналық контейнерлер орналастырылады. Көліктер Гауһар ана көшесімен кіріп, Абай көшесінен шығатындай етіп жасалады. Екі көше бойында да көлікке арналған тұрақ (паркинг) болады.

Нұр Қанатұлының мәлімдеуінше, жаңа базар маңындағы жылу қазандығына былтыр күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Онда қуаттылығы жоғары сүзгі катализаторы орнатылғандықтан, сыртқа шығарылатын қалдықтардың зияны жоқ. Күл-қоқыстың барлығы тікелей сол жерден шығарылады. Сондықтан, жылу қазандығынан қауіп жоқ. Ондағы қалдық көрінбейді.

Жаңа сауда орны орталық сумен қамтамасыз ету жүйесіне қосылып, қоғамдық әжетхана да орнатылады. Баспасөз хатшысының айтуынша, қысқасы, барлық жағдай жасалады.

Алғашқы кезеңде аталған әлеуметтік жобаны қолдау мен дамыту мақсатында қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі тарапынан ақпараттық қолдау көрсетіледі.

Осылайша, аптадан астам уақыт ел құлағын елеңдеткен даулы мәселеге нүкте қойылғандай болды. Алайда алты ай қыста түтіндетіп тұратын қазандықтың түбіне азық-түлік сататын базардың орналастырылуын жұрт қалай қабылдатыны жайлы сауал бәрімізді мазалайды. Оның бірнеше жыл бойы қараусыз қалғанының да негізгі себебі қолайсыз жерге салынуына байланысты екендігі туралы айтылуда. Сонымен бірге, аптаның сенбісінде ғана жұмыс істеп, қалған күндері күндіз қаңырап тұратын, кешке автотұраққа айналатын коммуналдық базарды неге тиімділікпен пайдаланбасқа деген сауалдың туындауы заңды.

Осыдан біраз жыл бұрын қазынаның миллиондарына коммуналдық базарды тұрғызудағы басты мақсат та – қаладағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру, өңірдегі шаруалар өсірген төрт түліктің еті мен аулаған балығын, жеміс-жидегі мен көкөнісін, нан-тоқаш  өнімдерін және тағы да басқа ауылшаруашылығы өнімдерін ешбір делдалсыз тұтынушыға жеткізу болатын.

Бастапқы жылдары мұнда өз өнімдерін ұсынатындардан орын үшін ақы да алынбайтын. Ақыры біртіндеп жекеге өтіп кетіп, апта бойы істейтін, ауылшаруашылығы өнімдерін саудалайтын жабық павильоны супермаркетке айналды. Ет сататындар қуықтай тар жерге тығылып, жеміс-жидек пен көкөніс саудалайтындар жертөлеге түсті. Атшаптырым ашық базарда сауда тек сенбіде ғана жүреді. Қалған күндері жоғарыда айтқанымыздай, күндіз қаңырап тұрады.

Қазіргі кезде халықтың қаржысына тұрғызылған базардың қызығын жұрт емес, жеке адамдар көріп отыр. Ал қолында барын делдалдарсыз тұтынушыға тиімді бағада ұсынғысы келетіндер орын таппай сенделуде. Бұған сіз не дейсіз?

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы жазған пост астында ("Фейсбук") пікір қалдырушылар өте көп. Олардың бірі коммуналдық базар о бастан осындай мақсатта салынғанын алға тартып, қайтарыңдар десе, бірі қазандықтан шығатын қалдыққа күмәнмен қарайды. Мұндай мәселеге Нұр Қанатұлы дер кезінде жауап қайтарып, жабайы саудамен айналысып жүргендердің коммуналдық базарға келгісі келмейтінін, бұл тақырып та талқыланғанын алға тартқан.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»