"НӘТИЖЕСІ БАР": ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫ АТПЕН АРАЛАДЫ

Уақыты: 22.01.2020
Оқылды: 970
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының құтқарушылары өрт қауіпсіздігін пысықтау мақсатында шалғай жерлердегі мал қыстақтарын атпен аралап шықты.

Жеңіл көлік жүре алмайтын шаруа қожалықтарына олар атпен және қарда жүретін арнайы техникамен жетті. Қыста пешті тек жеке тұрғын үй секторының тұрғындары ғана емес, шалғайдағы қыстақтарда малшы қауым да жағады. Сондықтан, Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Талдықорған маңындағы қыстақтар мен шаруашылықтарды аралап шығып, өрт қауіпсіздігін түсіндірді.

Шараға қатысқан Алматы облыстық төтенше жағдай департаменті Талдықорған гарнизонының 60 қызметкері атқа мініп, арнайы қарда жүретін көлікті тізгіндеп, жолы жоқ қары қалың жерлердегі қожалықтарға барып, ақпараттық парақшалар таратты.

- Мұндай әдіс олардың жұмысын нәтижелі етіп, төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді, - дейді сала мамандары. Ал шаруашылық басшылары мен малшы қауым бұл рейдтік шараға түсіністікпен қарап, кемшіліктерді жойып, қауіпсіздікті сақтайтындарын айтқан.

"ҚАЗАҚПАРАТ"