"ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗУДА": ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАЛАР БАҒАНЫ КӨТЕРУГЕ МӘЖБҮР

Уақыты: 26.01.2020
Оқылды: 837
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» Талдықорған қалалық филиалының заңды тұлғалары, жеке кәсіпкерлер бірлестігінің мүшелері және жекеменшік балабақшалардың басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында аталған саланың кәсіпкерлерін толғандырған бірқатар мәселе қозғалды. Аталған қауымдастық филиалының директоры Маржан Ахмеджанова жеке балабақшаларды қаржыландыру ережесіне бірқатар ұсыныс пен түзетулер енгізу қажет екенін айтты. Негізгі мәселелердің бірі – өткен жылғы жан басына шаққандағы қаржыландыру берешегінің қалдығын өтеу, сондай-ақ, ағымдағы жылы жан басына шаққандағы қаржыландыруды арттыру болды.

– Қазіргі уақытта жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі жекеменшік балабақшаларда жұмыс істейтін педагогтардың жалақысын арттыруға мүмкіндік бермейді. Бұл бүгінде басты мәселенің бірі болып отыр. 2019 жылғы 1 маусымда ҚР Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысына өзгерістер енгізілді. Бұл мемлекеттік қаржыға қараған балабақшалар үшін жақсы болғанымен, жекеменшік балабақшалар қызметкерлерінің жалақысын арттыруға қиындық туғызуда. Сондықтан біздің мекемелерді қаржыландыруды қайта қарау күн тәртібіне шығып отыр. Мемлекет тарапынан қаржыландыру болмаған жағдайда жекеменшік балабақшалар бағаны көтеруге мәжбүр болады. Менің ойымша, бұл көптеген отбасы бюджетіне әсер етеді, – деді Маржан Мұратқызы.

Бұл мәселеге Батыржан Құлаймергенұлы төлем қалдықтары жақын арада жүзеге асырылып, барлық көтерілген мәселелер зерделеніп, назарға алынатын болады деп жауап қайтарды. Сонымен қатар, басқа сұрақтарға да толық түсініктеме берілді.

Соңында жеке балабақшаларда мектепке дейінгі білім берумен байланысты көптеген проблемалық мәселелердің көтерілгенін атап өткен Әсет Шаяхметов: «Жекеменшік балабақшаларды қосымша қаржыландыру қажеттілігі туралы сіздің пікіріңізді ескере отырып, біз өз тарапымыздан сіздермен бірлесе отырып, жұмысты одан әрі жандандыру үшін жоғары жаққа ұсыныс жіберетін боламыз», – деді. Сондай-ақ, ол білім саласының қоғам дамуында маңызды рөл атқаратынын атап  өтті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды