ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕР "ТАҢБАЛЫНЫҢ" КӘДЕСЫЙЛАРЫН ЖАСАП ШЫҒАРДЫ

Уақыты: 26.01.2020
Оқылды: 1084
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейіндегі жәдігерлер бейнеленген кәдесыйлар мен естелік бұйымдар сатылымға шығарылды. «Таңбалы» петроглифтерінің шағын көшірмелерін отандық өндірушілер жасаған.

Ашық аспан астындағы алып мұражай іспетті әлемге әйгілі «Таңбалы» шатқалындағы жартас суреттері айшықталған естелік бұйымдар әртүрлі нұсқада орындалған. Жұмыс үстеліне немесе басқа да көрнекті орындарға қоюға арналған шағын тұғырлы тастар мен табақшалар және магнитті жапсырмалар туристер назарына ұсынылды.  Мұражайды тамашалауға алыс-жақын шетелден және республикамыздың түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар енді оны өздерімен бірге алып кете алады. Сөйтіп, бұл бұйымдар үш мың жылдық тарихтан сыр шертетін тарихи орыннан естелік, базарлық ретінде дүниенің төрт қиырына тарайтын болады.

«Таңбалы» кешеніне кейінгі кездері жылына бес мыңнан аса турист келетінін ескерсек, бұл да Жетісу өңіріндегі бірегей туризм нысанын кеңінен насихаттаудың жарқын бір қадамы.

Қарабастау ауылы маңында орналасқан қорық-мұражайда әртүрлі дәуірге тән жүзден астам ескерткіш бар. Олар - қола дәуірінен бастап біздің заманымызға дейінгі ғасырларды және кейінгі жыл санауымызды қамтыған қоныс, мола, тас қашау, табыну орындары. Ондағы негізгі жәдігер – жақпар тастар бетіндегі бес мыңға жуық петроглиф. Тасқа қашалған суреттер галереясы негізінен қола дәуіріне тән.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы