"КӨРЕМІЗ ДЕП ЖҮРЕСІҢ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ШАҺАР БАСШЫСЫНА ШҮЙЛІКТІ

Уақыты: 29.01.2020
Оқылды: 997
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ аймақты дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалармен танысты.

Бірінші білім саласындағы құрылыс қарқынымен танысқан аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтындығын жеткізді. Мысалы, өткен жылы білім саласында құны 7,9 млрд.теңгені құрайтын 23 нысан қолданысқа берілген. Оның 17-сі мектеп құрылысы. Биылғы жоспар бойынша 13 мектепті қосқанда жалпы 20 нысан іске асырылады. Жобада белгіленген мектеп санының аздығына қынжылған облыс басшысы:

– Қазіргі басты міндет – үш ауысымды мектептерден құтылу. Жеке секторларды тарта отырып, биылғы жобаға енгізілген мектеп санын көбейтіңдер. Тыңғылықты жұмыс жасалуы керек. Биыл 13-ін бастаңдар. 6-уын аяқтап, қосымша тағы жеке инвестиция тарту қажет, – деп, салаға жауапты мамандарға жобаларды үстінен қайта қарап, пысықтап шығуды тапсырды. Айта кетерлігі, облыста бүгінгі күні 38 үш ауысымды мектеп бар. Оның 6-уына құрылыс жұмысы жүргізілген. Ал 32-сінің құрылысы әлі басталмаған.

Биыл Талдықорған қаласы 8-шағын ауданында 1200 орынды және коттедж қалашығында 900 орынды мектеп құрылысы басталады. Осы орайда облыс басшысы қала әкіміне: «Қашан бастайсыңдар?» - деген сауал қойды. Алайда Талдықорған қаласы әкімінің: «Жобалау жұмыстары жүргізілуде», - деген жауабына қанағаттанбаған Амандық Баталов:

- Жобалайтын несі бар? Мен биыл бастаңдар деген тапсырма бердім. Әлі қанағаттанарлық жұмыс жасалмаған. Барлығын білуің қажет. Жоба дайындалып, құрылыс жұмысы басталауы тиіс. Сенің бір мінезің бар. Өзің үшін «курорттық» жағдай жасап аласың. Асықпай, болса болды, болмаса, көреміз деп жүресің. Саған берілген тапсырма - коттедж қалашығында мектеп құрылысын бастау, - деді.

Ғалымжан Әбдірайымовқа ескерту берген облыс басшысы тапсырмалардың орындалуын қатаң қадағалайтынын жеткізді.

Амандық Баталов қаңқасы жобаланған білім нысандарының дизайнына көңілі толмайтындығын айтты. «Неге барлығы солғын болуы керек? Білім ошағы емес пе?» – деді облыс әкімі. Бірақ Қарасай ауданы, Алмалыбек ауылындағы Л.Толстой атындағы мектеп пен Жамбыл ауданы, Ынтымақ ауылындағы білім нысанына жасалатын құрылыс жұмыстары әкімнің көңілінен шықты. Соңынан түс гаммасы мен симметрияны ұтымды пайдалану керектігін ескертті.

– Алматы облысындағы мектептердің сырт келбеті көз тартарлықтай болуы тиіс. Қазіргі заманға сай жаңашыл бағытта. Өз қолтаңбасы болуы қажет. Жаңаны ойлап табу соншалықты қиын ба? Қиын болса, жобаны жастардың қолына табыстасын, – деген аймақ басшысы білім саласына қатысты жобаларды таңдауда үлкен жауапкершілік керектігін айтты.

Келесі кезекте Амандық Ғаббасұлы жатақханаға қатысты жобалармен танысып шықты. Қолданылатын құрылыс заттарын сұраған облыс әкімі: «Жатақхана салуға алюминий пакетін қолданбаңдар», – дей келе, материалдардың сапалығына көз жеткізуді жүктеді. Сонымен қатар, баспана салу мәселесіне де тоқталды. Әсіресе, жалдамалы үйлердің саны, құрылыс қарқынына қатысты сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.

Биыл Талдықорған қаласында 4 жалдамалы баспана мен 31 коттедж, 2 несиеге берілетін үй құрылысын бастау жоспарда тұр. Облыста салынатын баспананың басым бөлігі Талдықорған қаласына шоғырланған. Одан бөлек, Амандық Ғаббасұлы аудандардағы көпқабатты үйлердің жобасына да көңілі толмайтындығын жеткізді. Мысалы, Үшарал қаласындағы 60 пәтерлі көпқабатты үйдің шатыры ашық әрі жайпақ келеді. Мұндай жобалау 12, 16 қабатты баспанаға ғана жарайтындығын айтып, 5 қабатты үйдің шатырын үшбұрыш тектес қылып қайта жасауды тапсырды. Өйткені, су құбырын жүргізу үшбұрыш шатырлы үйлерде оңтайлы екен.

Келесі кезекте Талдықорғандағы инфрақұрылым туралы қала әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров баяндады. Жиында аймақ басшысы басты көңілді абаттандыру мәселесіне бұрды. Қаратал шағынауданында салынып жатқан жатақхана маңын көгалдандыру, демалатын нысандар салу жұмыстарын пысықтап, абаттандыруды басқа да құрылыс жұмыстарымен қатар алып жүруді ескертті. Одан бөлек, Талдықорған қаласы әкіміне коттедж қалашығындағы темір-бетонды тіректерді басқа жаққа көшіруді жүктеді.

Жарықтандыру мәселесі де Амандық Ғаббасұлының назарынан тыс қалмады. Жаңа қалашықта 2 спорт нысаны, 900 орынды мектеп құрылысы, сауда орталығы, балабақша құрылысымен қатар көшелерге жарық тарту мәселесі де тез арада шешімін табуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ, баяндама жасаған Сайлауғали Әбдісәліұлының айтуынша, 8-шағынауданында мектеп, балабақша салынады. Ал болашақта жүзеге асатын 9-шағынауданына қатысты барлық жоба бекітілген. Шағынаудан макетінде көрсетілген екі қатарға тізілген үйлер арасынан аллея салынып, жасыл-желектен бөлек, балабақша мен мектеп бой көтереді. Осыған орай А.Ғаббасұлы: «Егер белгіленгеннің барлығын сәтімен жүзеге асырсақ, тұрғындардың бәрі ризашылығын білдіреді», – деді.

Айта кетерлігі, көптің аузында жүрген, қарапайым халықты талай жылдан бері әбігерге салған «Қызылтас» аумағындағы екі көпірдің құрылысы жүргізілетін болды. Жалпы ұзындығы 81,2 пикометр, ені 13,6 метр болмақ. Құрылыс жұмысы 11 ай ішінде аяқтау жоспарланған. Сонымен қоса, Талдықорған қаласында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 36 жаңа, сапалы автобустар пайдалануға беріледі.

Су, электр желілерін жүргізуге, абаттандыруға, көпір, автожолдарға қатысты облыс басшысы: «Мерекелік», «Үйтас», «Жастар-2» шағынаудандарына арнайы барып, халықпен кездесемін», – дей келе, Қаратал өзенінің оң жағалауындағы 150 орынды мектеп құрылысына сын айтты. Ол:

– Мектептің алдына субұрқақ не үшін қажет? Алып тастаңдар! – деп қала басшылығына қатаң ескерту жасады. Сондай-ақ, келесі аптаның бейсенбісінде белгіленген нысандарға барып, өз көзімен көріп, танысып қайтатындығын жеткізді.

Ескертуден-ескерту алған Талдықорған қаласының әкіміне үйлермен қатар мектеп, балабақша, сауда орындарын салуды да тапсырды. Жұмыстардың баяу іске асатынын сынға алған Амандық Баталов қала басшысына абаттандыру мәселесін ұдайы назарда ұстауды жүктеді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Алматы облысы