"ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰДІРЕТІ": МҰҚАҒАЛИДЫҢ ТУҒАН ЖЕРІНЕ АҚҚУЛАР ҚОНДЫ

Уақыты: 09.02.2020
Оқылды: 5380
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақиық ақын Мұқағалидың кіндік қаны тамған киелі мекенге алты аққу келіп қонды. Поэзияның егізі атанған мұзбалақ ақынның туған күніне орай бұл тамаша тарту екені сөзсіз. Аққулар поэзия алыбы қана ішкен қасиетті Қарасу өзенінде кербездене жүзіп жүр.

Аққулардың емін-еркін жүзіп жүргені көрсетілген бейнематериалды "Жетісу" газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев "Instagram" парақшасына жүктеді. "Құдайдың құдіреті. Ақпанда Қарасуға аққу қонды. Кәдімгі Мұқағали ақынның туған жері Қарасаздың маңындағы Қарасуға. Ақын кезінде "Аққулар ұйықтағанда" деген ғаламат поэма жазып еді. Ақынның туған күні қарсаңында өлеңге айналған аққулар Қарасуға өрнек салды", - деп жазды ол. Сондай-ақ, жазба соңын:

…Аққулар…
Аққу мойын, сүмбе қанат,
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Айдынның еркелері, білмей тұрмын,
Етермін тағдырыңды кімге аманат?!
- деген Мұқағалидың жыр жолдарымен түйіндейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"