Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БАСҚАРМА БАСШЫСЫ АУЫСТЫ

Уақыты: 10.02.2020
Оқылды: 916

Алматы облысы әкімінің өкімімен Майгүл Тілеутайқызы Омарова Алматы облыстық білім басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Майгүл Тілеутайқызы ОМАРОВА 1969 жылы туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін математика және информатика пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Ақсу ауданы  Жаңатілеу орта мектебінде лаборант болып бастаған. Әр жылдарда Ақсу ауданы, Жаңатілеу орта мектебінде сызу және бейнелеу, математика пәндерінің мұғалімі, Чапаев атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі, Көксу ауылшаруашылығы колледжінде жалпы пәндер оқытушысы, Талдықорған қаласындағы №2 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі, №2 және Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектептерде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Алматы облысының білім департаментінің бас маманы, облыстық білім басқармасының тәрбие жұмысы, мектепке дейінгі, мектептен тыс және интернаттық мекемелер бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 2011 жылдың қазан айынан – Алматы облысының білім басқармасы басшысының орынбасары.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Дәурен Хабдолданұлы Жүнісов өз өтініші бойынша облыстық білім басқармасының басшысы қызметінен босатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"