"ИНТЕРНАТТА ТҰРАМЫЗ": ОҚУШЫЛАР МОНШАСЫ БАР МЕКТЕПТІ МАҚТАН ТҰТАДЫ

Уақыты: 13.02.2020
Оқылды: 1299
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ата-анасы ауыл сыртында жұмыста не болмаса әлеуметтік жағдайына байланысты мектепке қатынауы қиын балалар қайда барады? Оның үстіне, ана мейірімі, әке қамқорлығынсыз өскен балалардың тағдыры кім-кімді де толғандырмай қоймайды. Бұл – бүгінгі қоғамның көкейінде жүрген түйткілді мәселе. Мемлекет те бұл сауалды назардан тыс қалдырған емес. Отбасылық жағдайына байланысты балақайларды Жансүгіров ауылындағы Е.Сиқымов атындағы мектеп-интернаты өз қамқорлығына алған.

ЫСТЫҚ ҰЯ

Аудандағы Е.Сиқымов атындағы мектеп-интернатында барлығы 390 бала білім алатын шаңырақта 81 орынды жатақхана жұмыс істейді. Барлық қажетті жағдайлар жасалған шаңырақта малды ауылдар мен шағын елді мекендерден келген балалар білім алады. Мектепте эстетикалық тәрбие беретін 11 үйірме, 8 спорттық секция жұмыс істейді. Одан бөлек, оқушыларға арналып робототехника сабағы өткізіледі.

Мектеп тарихы сонау 1930 жылдан бастау алады. Сол жылдарғы Абакумов (қазіргі Жансүгіров) ауылында 2 сыныптық орыс мектебі ашылған. Араға бес жыл салып білім ошағы кеңейіп, 7 жылдық мектеп мәртебесіне көтеріледі. Оған В.Чапаев есімі беріліпті.

Тәуелсіздігімізді алып, іргеміз нығая бастаған тұста, Ақсу ауданы әкімдігінің 1992 жылғы шешімінің негізінде 844 орынды мектеп болып қабырғасы кеңейіп, атауы Кеңес Одағының Батыры, ақсулық Есмұрат Сиқымов атындағы орта мектеп болып ауыстырылады. Ал, 2008 жылдан бастап мектеп базасында мектепке дейінгі шағын орталық ашылған.

Бұл мектептің басқа білім ошақтарынан өзгешелігі – 81 орынды интернаты. Жатақханаға 1-11-сынып аралығындағы оқушылар қабылданады. Ауданның 18 елді мекенінен ата-аналары сыртта мал шаруашылығымен айланысатын балалар және мектебі жоқ шалғайдағы ауылдар мен көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан оқушылар қабылданады. Айта кетерлігі, оқушылардың контингенті жыл сайын артуда.

- Интернатта 15 тәрбиеші жұмыс істейді. Бөлмелері таза, кең. Барлығы 27 бөлмеде тұратын жасөспірімдер бір үйдің баласындай тату. Балалардың сабаққа дайындалуына, бос уақытын өткізуге, демалуына барлық жағдай жасалған. Жуыну бөлмелерінде суық су, ыстық су бар. Сондай-ақ, кір жуу машинасы, кептіргіш машина, киім үтіктеу орны жұмыс істейді. Басты міндет шалғай ауылда тұратын отбасы балаларының білім алуына мүмкіндік жасау. Мысалы, 1-сыныпқа 8, 9 жастағы балалар да келген жағдайлар кездесті. Біздің әлеуметтік педагог осы ауылдардан келетін балалардың құжаттарын әзірлеумен айналысады. Интернатта балалар күндіз-түні мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің, тәрбиешілердің бақылауында. Мұғалім – сабақта, тәрбиеші – сабақтан тыс уақытта, аспазы тамақ пісіргенде, от жағушы жылуға жауапты дегендей, қызметкерлердің әрқайсысына жауапкершілік жүктелген, - дейді мектеп директоры Рахат Ибраимова.

Шалғай демекші, ата-анасы мал шаруасымен айналысатын балақайлармен, соның ішінде интернат ашылғалы оқып келе жатқан Нұрай Шаймерденмен тілдесіп көрген едік:

– Интернатта барлық жағдай жасалған. Ата-анамыз мал шаруашылығымен айналысады. Қарашілік ауылының ар жағындағы базда оқыдым. Қатынасу қиын болды. Бір жерің ауырып тұрса, медбике де жаныңда. Сабақтан тыс уақытта түрлі спорттық секцияларға қатысамыз. Жүлделі орындарды да иеленіп жүрміз. Гүлнар, Майнұр, Нұрипа апайларымыз күндізгі уақытта жүріп-тұруымызды қадағалайды. Сабақ орындауымызға көмектеседі. Азамат ағай мен Жадыра апай сабақтан тыс уақытта көмектеседі, – деген оның арманы – дәрігер болу. Нұрайдың Бейбіт деген ағасы мен Ерқуан есімді інісі де интернаттың тәрбиеленушілері.

Бір үйдің балалары интернатта оқып жүргені біреуге таңсық болса, бұл білім ошағы үшін қалыпты жағдай. Мұны бізге тәрбиеші Майнұр Тоқыш айтты. Алғашқы жылы қиналған ол бүгінде тәрбиеленушілермен тонның ішкі бауындай.

– Интернатта жұмыс істеп келе жатқаныма 4 жылдан асты. Балақайлар өз баламыздай болып кетті. Барлығы дерлік отбасылық жағдайына байланысты осында. Көбіне аз қамтылған, көпбалалы, жетім отбасынан шыққан балалар. Балалармен бірден тіл табысып кете алмадық. Өйткені, қанша тәрбиеленуші болса, сонша түрлі мінез бар. Уақыт өте әрқайсысының жеке көңілін таптық. Түске дейін сабақтарына көмектесеміз. Сабақтан тыс уақытта қосымшаға барады. Жатақханада арнайы кітапханамыз бар, – деген тәрбиеші күндізден кешке дейін баланың күлкісі мен сыңғырлаған түрлі аспаптардың дауысын естіп, құлағыңның құрышы қанады дейді.

Директор Рахат Нығметбекқызының интернаттың жағдайын жақсарту бағытында құрған жоспарлары ауқымды. 3-қабатқа интернет орнатып, керекті компьютер, принтермен жабдықтамақшы.

АЛҒА ЖЕТЕЛЕГЕН АРМАН

Алдымен музыка пәні үйірмесінің жұмысымен таныстық. Сарқан гуманитарлық колледжінің түлегі, 10 жылдық тәжірибесі бар Серік Мұхамедиев оқушыларға сабақ береді. Негізгі бағыты вокал болғанымен, домбыра мен клавишті аспаптарда да ойнауды үйретеді. 40-қа жуық бала қатысатын вокал үйірмесінің де жетекшісі. Балалары үш тілде ән айтады. Абайдың әндерін қазақ, орыс, ағылшын тілінде естіп бір марқайсаң, тек жанды дауыста тыңдап бір қуандық. Оның айтуынша, үйірмедегі балалардың барлығының ынтасы бар. Мектеп-интернатта қызмет еткелі 5 жылдың ішінде талай таланттың қанатын қатайтып үлгерген. Олардың қатарында Ерқуан Шаймерден, Айбар Ербол, Амина Сибегатулина да бар. Балақайлардың әрқайсысымен тілдесіп, армандары қалыптасып, лайықты азамат ретінде өз орнын тапқанына көз жеткіздік.

– Мен 1-сыныптан бастап осында оқимын. Әпкем мен ағам спортқа жақын. Интернатта тұрып, білім аламыз. Қарашілік ауылындағы үйімізге 2 аптада бір рет барамыз. Үй ішінде ешкімнің музыкаға жақындығы жоқ. Спорт саласына бейім. Бір күні виолончель аспабын көріп қалдым. Қатты қызықтым. Осы аспапты үйренемін, музыкант боламын деп армандадым, – деген Ерқуан үлкен сахнада өнер көрсеткісі келеді.

Амина ұлты орыс болғанымен, қазақшаға судай. Қобызды серік еткеніне 4 айдан асыпты. Ынтасы да күшті. Қобыздан бөлек, домбыраны да үйренгісі келеді. Түрі мен сөзіне қарасаң, ұлты бөлек дей алмайсың. Тілі де, жүрегі де – қазақтың қара торы қызына ұқсайды.

Мектеп қабырғасында спорттық секциялар да жұмыс істейді. Гимнастика, бокс, еркін күрес, футбол, волейбол. Көңіліңе жақынын шертіп жүріп таңдасаң болады. Мысалы, жақында ауысып келген бір оқушы бұрынғы мектебінде бокс үйірмесіне қатысыпты. Жаттығуларын үзбей жасап үйреніп қалған оның көңіліне қарап мектеп басшылығы бокс секциясын ашқан.

Білім ошағында спортшы балақайлар көп-ақ. Соларға қарап, ел спортын әлемдік деңгейде паш ететін кіл мықтылар өсіп келе жатыр деген ойда қалдық. Волейболшы қыздар неше жыл аудандық бәсекеден бірінші орынды бермей келеді. Облыстан жоқ дегенде 3-орынды еншілеп қайтады. Жаттықтырушысы Сәкен Рафиковтың айтуынша, 9-нөмірде ойын көрсететін Әзнар Нұрахметті облыстың жаттықтырушылары сұрауда. Әзнардан асып түспесе, кем ойын үлгісін көрсетпейтін Еңлік Мәтен, Әдемі Нұржігіт, Шұғыла Ерсінді атауға болады. Әрқайсысының волейболда жүргеніне 3 жылдан асқан. Ұлдар командасы Талдықорған қаласының құрама командасының сапында ойын көрсетіп жүр.

Келесі спорт залға кіргенімізде кілемнің үстінде бірін-бірі ары-бері лақтырған балаларға көзіміз түсті. Олар бос уақытында жаттығумен айналысып жатқан егіздер Әмір мен Темір Көпбай екен. Егіздер 5-сыныптан бастап интернатта білім алуда. Оғанға дейін Ақсу ауылындағы Мамания мектебінде тәрбиеленген. Әмір архитектор болсам, Темірі боксер болып, өзін әлемдік шаршы алаңда өнер көрсетемін деп елестетеді.

Күрес жетекшісі Азамат Елубаевтың айтуынша, үйірмеге балалар 4-5-сыныптан бастап қабылданады. Көбінесе жатақханада тұратын жасөспірімдер келеді. Болашағынан үміт күттіретіндер қатарынан аудандық дәрежедегі жарыстардан жүлделі орындарды иеленіп жүрген Аслан Құдыш пен Темірлан Қабимолдинов көрінеді.

Дарын Әлнұрды көргенде буынсыз бала ма деп қаласың. Акробатикалық қимылдарды көрсеткеніне қарап тамсанасың. Сөзіне қарап, қытайша сауат ашқан деп ойламайсың. Қазақ тілі қанмен берілгеніне көзің жетеді. Әпкесі Жансая да осы мектептің 5-сынып оқушысы. Дарын 4 жылға жуық қытайша оқып келген. Бастауыш сынып мұғалімі Ырымхан Байдалинова қазақ тілін енді үйреніп жүргенін, соның өзінде білмегеніне намыстанатынын жеткізді.

– Буын қатпағанда үйрендім. Жансая көкеме қарап, қызығып, маған да үйретуін сұрадым. Әпкем қиын болса да, үйреніп кетесің деп бастағанымды соңына дейін жеткізді. Біз Жансүгіров ауылында тұрамыз. Маған мектепте достарыммен сөйлескен, араласқан ұнайды. Математика, қазақ тілі мен дене шынықтыру – сүйікті пәндерім. Өскен соң кәсіби гимнаст болғым келеді, – деген Дарынның арманы асқақ, намысшыл жігіт екені көрініп тұр.

Басқа керек-жарағы түгелімен кәсіби жабдықталған сынып бөлмесінде кішкентай моншақтыларымыз мың бұрала билеуде. Онысымен қоймай, шпагатқа отырып, акробатикалық жаттығулар жасап жатыр. Би мұғалімі Назерке Серікова:

– «Үміт», «Еркеназ» би ансамбліміз бар. Би репертуары ұлттық және заманауи бағытта. Жалпы үйірмеде 3 сынып бар. Әр сыныпта 18 қатысушыдан, – деген ол шәкірттерінің ең жасы 8-де болса, үлкені 14-те екенін айтты.

8 жастағы Айару Жарқынай мен Айзере Қалибайдың қатысып жүргеніне 2 жылдан асқан. Басында ұялғаны біраз уақыттан соң басыла бастады. Ашыла сөйлеп, биші боламыз деді. Көздерінде асқақ үміттің жалыны көрінеді. «Әп, бәрекелді. Жарайсыңдар!» деген сөзге қанаттанған олар жаттығуларын жалғастыруға кірісті. 

Бүгінгі таңда автоматтық құрылғыларды немесе адам баласының алдын ала қондырылған бағдарламаларына бұйрық арқылы орындауын робот деп атайды. Робот өмірімізге нық қадам басып кіріп келеді. Өйткені, қазір барлық салада роботтың көмегіне сүйеніп, түрлі жұмыстар атқарылады. Аталмыш сала мектеп-интернатында да ойып тұрып орын алған.

Білім ошағынан 70 бала «Робототехника» үйірмесіне қатысады. Дені 5-7-сыныптың оқушылары. Олардың арасында қатарластарынан зерек, заманауи техникаға жақындары: Темірлан Қабимолдинов, Нұрбақыт Құдыш, Маржан Кеңесбай, Дильназ Оразбек те бар. Секция жетекшісі Қанат Оспанов Назарбаев зияткерлік мектебінен арнайы роботехниканың курсынан өткен. Сондай-ақ, 2018 жылы демеушінің көмегімен робот сатып алынып, балалардың қызығушылығы одан сайын арта түскен. Кабинет заманауи үлгіде жабдықталған. Арнайы ЛЕГО Майнстромс, 3D принтерімен оқушылар жұмыс істейді.

Оқу орнында көкөніс өсіретін жылыжай да бар. Жақында монша пайдалануға беріліпті. Оқушыларға рухани азық болатын мұражай да бар. Әркім өзі қалаған секциясына емін-еркін баруына барлық мүмкіндік жасалған. Біреуі жылыжайға барып, жеміс-жидегін өсірсе, қалғандары мұражай жәдігерлерімен танысады.

Жылыжайда биылғы жылдың үшінші өнімі өсірілу үстінде. Ауданы 70 шаршы метр болатын бау-бақшаға биолог ұстаздардан бөлек, Нілжан Қасенова мен Жазира Мансұрова жетекшілік етеді.

– Негізінен 1 жылда 2 рет өнім алуға болады. Қиярдан бірінші ретте 200 келі жинасақ, екінші өнім 135 келі болды. Ал қызанақтан 100 кг. артық жинап алдық. Гүл өсіріп, жуа да егіп көрудеміз. Балалар өздері келіп, суарып, күтіп-баптайды, – дейді бағбан Н.Қасенова.

КӨМЕК

Білім ошағының қызметкерлері де мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті иеленуде. Бірі мемлекеттік бағдарламаның қызығын көрсе, енді біреуі аудан әкімдігі тарапынан баспаналы болған. Тек қана ұстаз емес, аспазшы да бар бұл топта.

Аспазшының көмекшісі болып жұмыс істейтін Айнұр Мадимова көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұрған. Оның балалары да аталған қара шаңырақтың білімгерлері. Үлкені Жақсылық бүгінде студент.

– Үй алуға ниет етіп, кезекте тұрғанымызға 4 жыл болды. Осы уақытқа дейін ағайын-туғанның үйінде тұрдық. Тек коммуналдық қызметін төлегеннің өзінде қатты ыңғайсыз болды. Балаларымның да өз бөлмесі болғанын қаладым. Жақында ғана әкімнің орынбасары Амандос Садырбаев хабарласып, баспаналы болатынымызды айтып, сүйіншіледі. Бастапқыда естіген нәрсеме сенбей, қайта-қайта «шынымен бе?» деп сұрай бердім. Ертеңінде келіп, 5 бөлмелі пәтердің кілтін табыстағанда ғана сендім, – деген А.Мадимоваға көпбалалы ана ретінде атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Балалары Алина, Айбек Мәди  Е.Сиқымов атындағы мектеп-интернатының оқушылары.

Кешегі жас маман – бүгінде бір отбасының отағасы. Осыдан 7 жыл бұрын жоғары оқу орнын тамамдаған Сәкен Рафиков «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген. Құжаттарын жинап, алғашқы үстемеақымен  5 бөлмелі үйдің кілтін иеленген.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрушілер қатарында Мадина Сейденова да бар. Ол 2014 жылы Шымкент инновациялық-гуманитарлық оқу орнын бітірген.

– Жоғары оқу орнын бітіре салысымен, ауылға барып жұмыс істеймін деп шештім. Ауыл балаларына шет тілін үйреткім келді. Соған орай «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында құжаттар жинай бастадым. Барлығы реттелген соң 168 мың теңге көлемінде көтермеақы алдым. Біраз уақыттан соң 4 бөлмелі жер үйдің иесі атандым, – деген М.Әсетқызы 2016 жылы білімін жетілдіру курсынан өткен. Жас ұстаз оқушыларға тілді меңгеру оңай болуы үшін ойын түрінде өткізгенді жөн көреді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Ақсу ауданы

Алматы облысы